Алматының учаскелік полиция қызметкерлері үйді-үйге кіріп, жұрттың «тіркеуін» тексеруді бастап кетті.
Мұндай жұмыс әсіресе Алматыда белсенді жүргізілуде.
Жексенбіде 9 ықшамаудандағы 15-ші үйде тұратын менің де есігімді қақты. Куәліктерінен Әуезов аудандық ІІБ қызметкерлері екенін оқыдым. Жаңа заңға қатысты жұмыстардың басталып кеткенін жеткізіп, пәтер жалдаушы екенімді білді.
Түсініктемеге өз қолыммен жазылды деп қосып, жеке қолымызды қойып, жазылған күнін белгіледік. Полиция қызметкерлері жалға беру туралы келісім шартта көрсетілген пәтер иесі мен менің жеке куәлік мәліметтерін, ұялы телефон нөмірлерін арнайы тіркеу жорналдарына жазып алды. Сонымен қатар үйде қанша адам тұратынын және олардың аты-жөндерін, жас мөлшерін, балалардың қай мектепте білім алатынын тіркеді. Осылайша тиісті мағлұматтарын алып, басқа пәтердің есігіне бет алды.
Көршілерімнің айтуына қарағанда, полиция қызметкерлері олардың ит-мысықтарын да тіркеуге алыпты. Үй жануарларын ұстау ережесіне сай, ит пен мысық та тіркелуі тиіс дейді. Ол үй жануарының ветеринарлық куәлігінің болуын меңзейді. Бірақ полиция қызметкерлерін ондай куәлік қызықтырмаған көрінеді. Тек жануарлардың саны мен тұқымын жазып алған.
Соңғы жаңалықтарда алматылық полицейлер нағыз “тіркеуді” тексеруді бір айдан кейін бастайды деседі.
Бұдан бұрын да көшедегі халықтың құжатын тексеріп, тырнақ астынан кір іздейтін олар енді кез-келген адамды тоқтаусыз тергеуге алары сөзсіз. Қойылатын сұрақтар ретін де көбейтіп, жұрттың зәресін алады. Біздің халық полиция қызметкерлерімен «байланысқа» түскісі келмейді. Сондықтан көбіне аз-маз пара беріп, құтылуға асығады. Ал көпшіліктің азаматтық құқығын қорғаудағы сауатсыздығын полиция қызметкерлері бұл «тіркеуді» өз бас пайдасына қолдануы мүмкін.
Шенеуніктердің алды-артын бағдарламай қабылданатын осындай «әттеген-ай» шешімдері соңғы жылдары жиілеп кетті. 2013 жылы әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін көтереміз деп шулатты. Президент араша болмағанда қайтер едік?
Енді Елбасы тағы араша түсе ме, қалай болмақ?
Аяжан Төрехан