Уақытша тіркеу пәтерді жалға алу құнын қымбаттатты. Әрине, ол бөтеннің табалдырығында жүрген жастарымыз мен жас отбасыларға үлкен салмақ болуда.
Бұл туралы саясаткер Қазбек Бейсебаев Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
„Кеше көрші подъезде пәтер жалдап тұратын студенттер үдере көшті. Сөйтсе, үй қожайыны жалға алу құнын 20 мың теңгеге қымбаттатыпты. Себебін пәтер жалдап тұрушылардың орган талаптарына сай болу мәселесін шешу қажеттігімен түсіндірген, яғни қазіргі өзекті мәселе – уақытша тіркеу жайы ғой, айтып тұрғаны.
Міне, көз алдымызда уақытша тіркеуді міндеттеуді енгізудің алғашқы салдары айқындалып шыға келді. Пәтердің жалға алу құны қымбаттады. Әрине, ол ең алдымен, өзгенің баспанасын паналап жүрген жастарымыз бен жас отбасылардың қалтасын қағады. Өз азаматтарын уақытша тіркеуді мақұлдап, қабылдаған біздің депутаттар мұны естігісі де, білгісі де келмейтін шығар.
Иә, Ұлы даламызда осындай қиын жағдайлар болып жатыр„.
Айта кетелік, жаңа заңнамаға сәйкес, бір жерден екінші жерге барып, оқитын немесе жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары 2017 жылдың 1-қаңтардан бастап тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуге тұруға міндетті. Бір айға дейін жеңілдік бар. Ал одан асып кетсе, айыппұл салынады. Осыған байланысты қоғамда наразылық туындаған. Мұндай жағдайда пәтерді жалға беруші үркіп, жалға алушыларды үйінен шығарып жібереді немесе пәтерақыны қымбаттатады. Ал талай жұмыссыз қазақ еліміздің ірі қалаларында пәтер жалдап жүр. Бұл бір жалақыдан бір жалақыға әрең жетіп, титықтап жүрген әлеуметтің ашу-ызасын туғызатын жайт деп те бағаланып, тіпті уақытша тіркеуді алып тастауды талап ету үшін қазақстандықтар интернет арқылы электронды дауыс жинауға да көшкен еді. Алайда дауыс жинау сайты бұғатталып қалды.