Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-12
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Кимешекті ұмыттық. Қазақ қыздарын орамал тағуға міндеттеу керек пе?

1116

Әнші Дана Махамбаева қазақ қыздарына орамалдың керегі жоқ деп санайды. Оның пікірінше, қазақтың келіншектері мен тәте-апалары ғана орамал тағып, кимешек киюі керек. Ал көшеде қазақтың базбір қыз-келіншектерінің тұмшаланып жүруін ол шетелден келген мода деп қабылдайды.

– Үсті-басын қап-қара қылып киіп, тек қана көзін ашып жүру деген біздің ата-бабамызда болмаған нәрсе. Тарихты ақтарып көрсек те мен хиджап киген апа-апайларды байқаған жоқпын. Сондықтан бұл – басқа елден келген бір үрдіс. Мұны біздің жастарымыз, тіпті келіншектеріміз оны өзіне мода секілді қабылдап алған секілді. Бірақ бұл бізге жат нәрсе деп ойлаймын. Біздің қазақ қыздары ұлтына тән қазақи болмысымен жүруі керек. Иә, қазақтың келіншектері орамал таққан, бірақ жас қыздары емес. Көбіне басы ашық болған, қолаң шашын екі жағына өріп, шашбау таққан, қонаққа барғанда сәнге сай бөрік киген.

Апаларымыз кимешек киді, қазір де киіп жүр, сол секілді келіншектер басына орамал тартады, солай тартып жүрсін, бірақ бүтіндей тұмшаланып алуына қарсымын.

„Қызға қырық үйден тыю„ дейді ғой ата-бабамыз. Қыз бала өсіріп отырғандықтан, ата-анасы оның әрбір қадамын қадағалап отыруы керек. Меніңше, осындай қатал тәрбие қыздарымызды тәртіпті ете алады. Ал қыз оранса, ол тәрбиелі болып кетеді дегенге кім кепіл береді? Өйтіп те бүлдіріп жүргендер бар шығар, біз қайдан білеміз? Қалай дегенмен де, әр қыздың тәрбиесі отбасында болуы керек.

Сондай-ақ, әнші өзінің келіншек болса да басына орамал тартпауының себебін түсіндіріп кетті.

– Ең біріншіден, мен әншімін. Әрине, әншілер орамал тақпауы керек деген қағида жоқ. Өз басым, халық алдына орамал тағып шыққаным жоқ. Ел мені халық осы ашық күйімде танып, қабылдап қалды. Сондықтан орамал тағып шықсам, ел мені түсінбей қалуы мүмкін ғой.

Менің әке-шешем Қытайда тұрады. Жалпы, шетелдегі қазақтар тәрбиеге өте қатал.

Ата-енем де бар. Олар да қазақилықтың дәмін ішкен адамдар. Енем келін болып түскенде: „Қызым, сен халықтың алдында жүргендіктен, орамал тақ деп әурелемеймін„ деді. Дегенмен үйде мен орамал тағамын. Орамалды үйде тақпасам менің басым ауырады.

Ал егер болашақта мен сахналық образымды өзгертетін болсам, мен онда теледидарға да орамал тағып шығамын. Ал қазір менің образым өзгерген жоқ, сондықтан орамалсызбын, – деді Дана Махамбаева.

Зарина Мүсілім

Тілші Зарина Мүсілім мектептегі балиғат жасқа толған қыздардың орамал тағуын міндеттеу керек деп санайды. Өйткені, осы жаста қыз бала ата-анасынан тығылып боянып, шашын жайып, қысқа киіп ер адамдардың нәпсісін қоздыра бастайды. Оның пікірінше, бұрындары қазақ қыздары бұл жаста ұзатылып, басына орамал таққан. Ал қазір жастай үйленуге заңмен тыйым салынғандықтан, қыз күнінен-ақ орамал таққаны абзал.

Қазақ қыздары хиджаб кимейді

–  Жаңа Дана бүтін жерін тұмшалаған қара киім туралы айтты. Ал хиджап пен бұл екеуі мүлде екі бөлек нәрсе. Кез келген адам біреуге айып тақпас бұрын,  ғаламтордағы іздеу желісіне хиджап деп енгізіп көрсін. Дана ханымның айтып тұрған қара киімі хиджап емес ниқаб деп аталады. Олар арабтың киімі шығар, иә. Бұл тақырыпты біз қазір қозғамай-ақ қоялық. Ол хиджапқа жатпайды, ол басқа тақырып.

Жалпы, орамал мен үстіндегі киімнің қосындысы хиджап деп аталады.

Біздің қазақ қыздарының ешқайсысы хиджап кимейді. Біздікілер орамал тағады да үстіне заманауи киім киеді.

Жеңі ұзын кофта мен ұзын белдемше киеді. Бірақ ол хиджап емес. Хиджап деген ұзын арнайы киімдер бар, соны айтады.

Иә, тарихта қазақтың қыз баласы басына ештеңе кимеген. Тек күйеуге шығар кезінде басына сәукеле киеді. Ерінің үйіне барып, жар атанған соң, оның басына орамал салынады. Ал бала туғаннан соң ол кимешек киеді. Бірақ бұл жерде біздің барлығымыздың түсінбей жүрген бір нәрсеміз бар: бұрынғы заманда қазақтың қыздары балиғат жасқа толған кезде – 12-13 жасында ұзатылған. Қазір заман басқа. 13 жаста ешкім тұрмысқа шықпайды. Қазір тұрмысқа шығуы үшін 20-дан асқанын күтеді. Міне, түсініспеушілік осы жерден туындауда.

Қазір 13-14 жастағы қыздар не істейді? Жасырын емес, әке-шешесінен тығылып мектепке боянып барады. Шашын жайып, ұлдарға, ортасына ұнауға тырысады. Бұл кезде алғашқы сезім, алғашқы махаббат деген болады.

Сонда Сіздердің ойларыңызша, мектеп жасында орамал тақпай, шашын жайып, 13 жасында-ақ ер азаматтардың нәпсісін қоздыра беруі керек пе?..

Кимешекті апалар емес, жас келіншектер де киген

Мына тарихи суретті қараңызшы (кимешек киген келіншектің суретін көрсетеді). Оның бетінен әжім көріп тұрсыздар ма? Ол шамамен 15-16 жастағы бір баласы бар келіншек. Міне, біздің барлығымыздың түсінбей, дауласып жатқан нәрсеміз осы. Дәл арабтардың ұлттық киіміне ұқсайды ғой. Неге ұқсамасқа? Өйткені бәріміз мұсылманбыз. Құранды қолға алып, оны оқыған адам біледі. Ол жерде айтылған: әйел баласының әурет жерлерінің барлығы жабық болуы керек. Беті, қолының басы және тобығынан төмен жерінен басқасы. Тек осы 3 жер әуретке жатпайды. Демек, Құранда осылай айтылған болса, кимешек делік, арабтардың айтатын хиджабы болсын – барлығы бір киім емес пе?..

Міне, мына суретте бұрынғы апаларымыздың әр өңірдегі киіну үлгісі бар. Көріп отырғандарыңыздай, олар әрқалай киінген, ыңғайына қарай, жер бедері мен ауа-райына қарай дегендей, – дейді Зарина Мүсілім.

Қазақтарға бәрі керісінше. Орамалға да қатысты солай

– Біз тойға біреу хиджап киіп келсе, оған оранып келіпті деп таң қалып қараймыз. Ал шынтуайтында, масқара, мынша келіншектің барлығы орамал тақпай келіпті ғой деп қарауымыз керек. Дұрысы солай болады. Мұның өзі өткен жүйе психологиясын, стереотиптерін әлі бұза алмай жатқанымыздың көрінісі. Білесіздер ме, жалпы мен оңтүстіктің келінімін. Шымкенттің Жетісайында орамалсыз жүрген келіншекті көрмейсіз. Көшеде барлығы орамалмен жүреді. Тұрмысқа шықты ма, болды, орамалмен жүру – ол заң. Көшеде, үйде, ата-енесінің алдында, сыртта, бәрібір. Ол студент болса да оқу орнына орамал тағып барады. Өзімнің абысыным бар, колледжде студент. Ол колледжге орамал тағып барады. Шымкентте орамал тақты ма, ол қыздың басы бос емес деп біледі. Той болсын, қандай жиын болсын, барлығы орамал тағып жүреді.

Жәй ғана шоу-бизнесті алып қарайықшы. Шоу-бизнесте не көп? Ажырасу көп. 3 баламен, 4 баламен тастап кетіп жатқан біз танитын өнер адамдары қанша? Неге? Өйткені оларды жас қыздар азғырып, алып кетіп жатыр. Неге? Өйткені бастарында орамалы жоқ, жүректерінде иманы жоқ.

Әйел адам сыртта жат көздерден тығылуы керек, ал ерінің көзінше орамалын шешіп, боянып, жасанып, ерінің көзінше сұлу болып көрінуі тиіс. Бірақ бізде бәрі керісінше.

Біз орамалды үйде киеміз де сыртқа шыққанда тақпаймыз. Әйелі үйде орамал тағып, қалай болса солай киінеді. Сөйтіп, үйдегі әйел еркектің тәбетін ашпайды. Оның орнына, керісінше, сыртқа шығады да барлық сұлулығын паш етеді…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз