Жасы 30-ға келген қазақ жігітінің бітірген түгі жоқ, ана қызбен, мына қызбен бір жырп-жырп еткеніне мәз. Болашақты құру тұрмақ, ертеңгі күні қалай болатыны туралы да оның миына кіріп-шықпайды. Өйткені жауапкершілік жоқ.
Жанерке Елшін:
– Менің жасым 27-де. Осы уақытқа дейін талай қазақ жігіттермен таныстым, сөйлестім. Алайда мен қалаған адамымды таппадым. Мүмкін кінә өзімнен, мүмкін ойдан шыға алмаған қазақ жігіттерінен болар. Бұрын мен шетелдікпен қол ұстасып кетіп бара жатқан қазақ қызын көрсем немесе шетелге күйеуге тиген әпкелерімді көргенде оларға жиіркене қарайтынмын. Бірақ соңғы кездері менің бұл көзқарасым өзгерді. Өйткені себеп бар.
Қазір шетелдікке тиген қыздарды сөкпеймін. Егер мен басқа ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып жатсам, ол қазақ жігеттерінің әлсіздігінен деп ойлаймын. Мысалы, кавказ ұлтын алалық. Бір қызын олар шетелдікке бермейді. Егер ондай жағдай орын алса, бүтін ауыл болып қара жамылады. Өзінің ұлтына ғана тұрмысқа шығады. Ал қазақ жігіттерінде осындай намыс болса, қыздары шетелге тобымен ағылмас еді. Шетелдіктің деңгейіне талпынып, қазақ қызының көңілінен шығайын деп бір әрекет қылар еді. Бірақ ондай біреуді көріп жүргенім жоқ. Керісінше, шоқ-шоқ деп табалағаннан әрі бара алмайды. Рас, қазақ жігіттерінен қатты көңілім қалды.
Мен негізі дін жағына қараймын. Мен де тәрбие көрген қазақы отбасынан шыққан адаммын.
„Жігіттің екі сөйлегені өлгені„ дейді қазақ. Мен кездескен жігіттердің көбісі тұрақсыз, сөзінен тез тайқып шығады, ол үшін еш қымсынбайды. Сол үшін олар мен үшін „өліп „қалды.
Жасы үлкен жігіттер кішкене байыпты ма дейін десем, олар да көңілімнен шықпады. Жасы 30-ға келсе де, бітірген түгі жоқ, ана қызбен, мына қызбен бір жырқ-жырқ еткеніне мәз. Болашақты құру тұрмақ, ертеңгі күні қалай болатыны туралы да миына кірмейді.
– Біздің қазақтың жігіттерінде, ең бастысы, жауапкершілік жоқ. Егер жауапкершілік болса, Қазақстанда жетімдер үйі болмас еді. Жауапкершілік болса, қазақтың қыздары аборт жасатпас еді. Саны жағынан кішкентай халықпыз, алайда аборт жасау жағынан алдымызға жан салдырмаймыз. Мұны айтып отырған – мен емес, статистика. Ал неге аборт жасатады, неге тастандылар көп болады?
Өйткені қазақ жігітінің жағдайы жоқ, сондықтан ол отбасын құрудан қорқады, оны асырай алатындығына күмәнмен қарайды, содан келіп жауапкершіліктен қашады.
Міне, логикаға салса, ол ең алдымен жағдайын жасауы керек.
Бірақ оның орнына қазақ жігіттері қайтеді?.. Дайын қызды ала салғанды жөн көреді. Бұл арада дайын деп мен үйі, көлігі, тіпті бизнесі бар қыз-келіншектерді айтып отырмын.
Міне, осыны өзі жасаса, қайтеді екен? Жоқ, олар екі күннің бірінде демалып, жанын қинамайтын қарауыл жұмысын таңдап алады. Ол үшін еш арланбайды. Міне, өмір сүрудің олар осындай оңай жолын тауып алған…
Студия қонағы сазгер-әнші Нұрлан Еспановты бұл айтылғандар намысын қажады, ол өзінше қазақ жігіттерін ақтап алуға тырысты.
Нұрлан Еспанов, сазгер-әнші:
– Жанерке, сен араласатын ортаның намысы жоқ, оны басқалармен шатастырма. Түрікмендер ақалтекесін сыйласа біреуге, оның тұқымын құртып береді екен. Одан ұрық ала алмайтындай етіп. Сондықтан, рас қазаққа бірінші кезекте аналықты бермеу жағын ойлау керек. Аналықты беріп қойған ұлт ұлт емес негізі. Жалпы, менің саған жаным ашып отыр.
Мүмкін 27 жасыңа дейін ешкімді менсінбей жүрген боларсың. Мысалы, бізде сыныпта сабақты жақсы оқитын бір қыз болды. Оған ешқайсымыз бара алмадық, сөз айта алмадық. Кейін ол анау бір қараңғы ауылға тиіп кетті. Содан кейін бір кездескенде: „Нұрланжан, мен қайтемін, біреуің жігіт болып сөз айтпадыңдар ғой„ дейді ғой. Ал біз болсақ, қорқақтадық, менсінбейді деп ойладық…
– Қыз қылығымен тәтті дейді. Біз де бала болып жүрдік. Бізді қыз қылығымен „ сындырды„. Сол секілді сен өзіңнің қылығыңды дұрыс жарнама жасай алмағансың. Сөйткенде сені әлдеқашан біреу алып кетер еді.
Бұл қыз бұрын оқығысы келді. Оған дейін талай ұсыныс түсті, мен біліп отырмын. Ал ол: „Ой, мен әлі оқуым керек, диплом алуым тиіс„ деп жүріп алған.
Оның ойында жігіттің бәрі күте тұруы керек. Бірақ жігіт өліп кетсе күтпейді. Оны үйіндегілер: „Ойбай, үйлен! Қандай жігітсің өзің? Елден ұят болды ғой. Көршінің қызын әкеле салшы, үйін білеміз, жайын білеміз. Қойшы, сол оқудағы қызыңды, не істемей жүр дейсің қалада„ деп қинайды. Сондықтан кез келген қызға айтарым: мүмкіндік болған кезде тиіп кету керек.
Ал сен сол уақытты жіберіп алып тұрсың. Оған қоса, қазақ жігіттері осал деп намысына тиесің. Бұл мүлде дұрыс емес…
– Ер азамат ретінде мен айтып өтейін. Қыздар негізі жабайы жігіттерді жақсы көреді. Бірден келіп саған сезімін білдіретін, төтесінен шығатын, ер мінезді дегендей.
Мысалы, мәдениетті жігіт өз сезімін білдіре алмайды. Ол көңілінен шығуы үшін түрлі себеппен қыздың қасына жақындай беруі мүмкін, бірақ сүйем деген сөзді айта алмайды. Міне, осындай биязы жігіттер қасыңнан табылса: „Ойбай, құрысын„ деп оған қарамайсыңдар. Жабайылау қасиеті болуы керек, міндеттті түрде жұлып кетуі керек. Бірақ қазір бұрынғыдай жігіттерді армандамай-ақ қойыңдар. Біз секілді жігіттер қазір жоқ. Қазіргі жігіттер бос. Сөз айтайын деп тұрған жерінен шап-шап бересіңдер. Содан кейін ол аузын буған өгіздей, үндемеуді жөн көреді.
Негізі, еркекті көрге де, сол секілді төрге де сүйрейтін әйел. Барлық нәрсе қызға байланысты. Статистикаға қарасаңыз да негізі еркектерді еркелету керек.
Не үшін шетелдікке шығамын дейсің? Шетелдік жігіттер бұл жақта не ғып жүр? Олардың білімі, ілімі асып-тасып тұрса Қазақстанда не атасының басын іздейді? Мүмкін ол жақта заң бұзған шығар, бірнәрсе бүлдірген шығар. Мықты болса, өз елінде неге жұмыс істемейді? Осыны да ойлап көру керек. Әйтеуір бір шетелдіктің етегін ұстасам болды деген болмайды.
Студия қонақтарының бұдан кейінгі ойы өткір диалогқа ұласты.
Шетелдікке тиемін деген қызымыз Нұрлан Еспановтың етегінен ұстап, мені тоқал қылып алыңыз деп өзіне жабысты.
– Мен дініне қараймын. Мен ешуақытта ұлтымды өзгертпеймін. Мен байлық үшін ешуақытта тимеймін. Негізі, отырып қалған қыздар әйелі бар ма, жоқ па — оған да қарамайды. Сондықтан тоқалдықты да заңдастыру керек шығар. Шариғатта 4 әйел алуға дейін рұқсат береді дейді ғой. Сондықтан мені шетелдікке тимесін десеңіз, сол заңды қабылдауға ат салысыңыз, сөйтіп мені тоқал қылып алыңыз…
– Тоқал қылып ал дейсің бе? (мұны күтпеген Еспановтың көзі шарасынан шығып кете жаздады) Ойбай, тоқал қылып емес, менің інім бар. Бағанадан сенімен неге айтысып отыр дейсің? Сені алып қалғым келіп отыр…
– Әңгімені осыдан бастамайсыз ба?..
– Інім бар. Жасы 30-дан асып кетті. Түр десе түрі бар…
– Онда соған алып беріңіз…
– Бой десе бойы бар. Бірақ сәл талпынысы жоқ. Азанда жұмысқа барады, содан түнгі бірде бір-ақ шығады. Күзетте істейді. Болды, оның жұмысы сол. Бірақ арақ ішпейді, темекі шекпейді…
– Мен танысып көруге қарсы емеспін, сөйлесіп көрейін. Деңгейімізді салыстырып дегендей. Бір-біріміздің тілімізді таба алмай, сөзіміз жараспай жатса, онда менен айып жоқ. Мен „А„ десем, ол „Б„ деп қарап отырса, ондай адамға бүтін өміріңді қалай байлап қоямын?
– Ал қазіргі жігіттердің барлығы „Б„ дейді. Миы, сөйлеу қабілеті төмендеу болуы мүмкін. Бірақ тұрмысқа шыққан соң өзің тәрбиелеп аласың ғой. Тағы қайталап айтамын: „Ер адамның басын төрге сүйрейтін де әйел, көрге сүйрейтін әйел„.
– Орта жасқа келгенде мен атпалдай азаматты неменеге тәрбиелеп, жүйкемді жұқартуым керек?..
– Менікі жақсы ниет қана, сені осында алып қалу ғана…