Атырауда есірткі қолданды деп күдікке ілінген жігіт азаптауларға шыдамай өз-өзіне қол салды.
23 жасар ұлын осылайша өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген бұрынғы полицейлерден моральдық зиян келтіргені үшін қаралы ана 2 миллион теңге өндіріп алды деп хабарлайды Атырау қалалық сотының баспасөз қызметі.
Жергілікті БАҚ хабарлағандай, полицияның аға лейтенанты мен сержант 6 және 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сот шешімінің мәтініне сәйкес, қайтыс болған жігіттің анасы моральдық зиян келтіргені үшін әр жауап берушіден 10 миллион теңге, материалдық шығын келтіргені үшін 300 мың теңгеден өтемақы алуға арыз берген.
Атырау қалалық сотының шешімі бойынша, әйел адамға әр жауап берушіден материалдық шығын үшін 38,5 мың теңге, моральдық шығын үшін 1 миллион теңге төленетін болады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.