Астана атауына Елбасының есімін беруді ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов әлеуметтік желідегі сынға жауап қатты.
Депутат әлеуметтік желіні қолданушылардың кейбір жазбасы намысына тигенін айтты деп хабарлады Tengrinews.kz.
“Құдай үшін, бұл әркімнің еркі… Намысыма неге тимейді? Тиеді, әрине. Бастысы, саяси мәдениеттің болғаны. Мені сынай берсін, бірақ жеке басыма тиіспесін, қандай да бір идеясы немесе ұсынысы мен айтқанына қарап, ол адамның ар-намысына тиісуге болмайды. Келіспеуге болады, әрине. Бірақ адамды білмей тұрып, ол туралы аузына келгенін айтуға болмайды. Бұл бізде саяси мәдениеттің жеткіліксіздігін білдіреді”, – деді Қуаныш Сұлтанов „ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл: Қорытындылар. Жетістіктер„ атты халықаралық конференция кезінде журналистердің сұрағына берген дәліздегі жауабында.
“Бір топ депутат 25 жыл бойына қол жеткізген жетістіктерімізді қамтитын декларацияны қабылдау туралы ұсыныс тастадық. Декаларацияны ешкім сынап-мінеп жатқан жоқ, тек сынға қалғаны – менің ұсынысым”, – деді Қуаныш Сұлтанов.
Еске сала кетелік, алдында депутат Қуаныш Сұлтанов Астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру керек деп ортаға ұсыныс тастаған болатын.