Павлодарда дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей интернатының қыздарымен кездескен RinGo тобының әншісі Аян Бірбаев кез келген қиындық болса да арманға тосқауыл қоймауға кеңес берді.

Білім беру мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Газизованың айтуынша, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 игі іс-шара» бағдарламасы шеңберінде белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналған.
– Сабақтан тыс өткізілетін мұндай шаралар оқушыларға психологиялық серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ақын Күләш Ахметова, Баянауыл өңірінен шыққан әнші, жерлесіміз Меруерт Түсіпбаева келіп кеткен болатын. Олардың барлығы оқушылармен кездесіп, ақыл-кеңес ұсынды.
Бұл жолы қонақ болған Аян Бірбаев дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейін «Алтын белгімен» бітіріп, Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантына ие болса да үлкен сахнада өнер көрсетуді армандағаны жайлы айтты. Ол қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген, – дейді Роза Газизова.
Айта кетерлігі, Аян Бірбаев халықаралық «Новая волна» конкурсында RinGo тобының құрамымен «Көрермендер көзайымы» аталымына және Алла Пугачеваның арнайы сыйлығына ие болған.