Бүгінде Қытай Халық Республикасына экспортталатын тауарлардың жалпы сомасы 115 миллиард АҚШ долларын құрайды екен.
Бұл туралы Егемен Қазақстан жазады.
Көршіміз 7 миллион тонна сиыр етін, 3 миллион тонна астықты және тағы басқа ауылшаруашылық өнімдерін сырттан сатып алатын көрінеді. Ал мұның ішінде қазақстандық өнімдердің үлесі 0,1 пайыздан аспайды. Аспанасты елімен сауда қатынасын арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қытайға экспорт» қозғалысын құрды. Отандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарларын өндірушілерге өнімдерін Қытай нарығына ұсынуға мүмкіндік беретін бастама аясындағы алғашқы шаралар қолға алынып үлгерген.
Көпшілігіміз білетіндей, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін Қытай Халық Республикасына бірнеше рет сапарлап, екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту мәселелерін қаузаған. Өзге де проблемаларды талқылаған. Соның нәтижесінде Қытай тарапынан шектеу қойылған тауарларымыздың біршамасын экспорттауға мүмкіндік туды. Ал бұл қазақстандық ауылшаруашылық өнімдеріне сұранысты, тіпті арттыра түскен сыңайлы. «Рас, Қытай – дүние жүзінде Еуропалық одақ пен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұрған ауылшаруашылық тауарларын өндіретін ірі мемлекет. Олар тек өткен жылы ғана 115 миллиард доллардың өнімін өзге елдерден импорттаған. Айталық, 3 миллиард долларға 7 миллион тонна сиыр етін алса, 38 миллион долларға 200 мың тонна бау-бақша өнімдерін сатып алған. Бұған қоса, 3 миллион тонна бидай, 11 миллион тонна арпа, тағы 75 миллион долларға 7 миллион тонна бал өнімдерін пұлдаған. Ал осы жердегі Қазақстанның үлесі бар-жоғы 0,1 пайыз ғана». Бұл – Н.Әлтаевтың сөзі.
Мамандардың айтуынша, «Қытайға экспорт» қозғалысынан кейін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі үлкен шаруаны қолға алған екен. Жақын арада азық-түлік тауарларын өндіретін кооперативтер мен фермерлерге жеңілдетілген пайызбен несие, өзге де тиімді қаражат көздері ұсынылатын болады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қытайға өз өнімдерін экспорттағысы келетін отандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге даяр. Бүгінде палатаның ресми сайтында «Қытайға экспорт» айдары ашылып, онда тауарларға қойылатын негізгі талаптар ғана емес, көрші елдің нарығына шығудың сызба-нұсқасы да орналастырылған. Бұдан бөлек, арнайы байланыс орталығына қоңырау шалып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алуға да болады. Сондай-ақ, «export@palata.kz» электронды поштасына сауал жолдауға мүмкіндік бар.
«Біз әрбір кәсіпкердің қолынан жетектеп, Қытай нарығына шығуына көмектесеміз. Алайда, бәрі жеңіл болады деп ойлауға болмайды. Өйткені, экономикасы қарыштап дамып кеткен алып мемлекеттің құзырлы органдары сырттан келетін өнімдерді қатты тексереді. Қытай нарығына шығу үшін арнайы куәлікті алу жолдары да күрделі. Сондықтан тиісті талаптарға дайын болғанымыз жөн», деді Нұржан Әлтаев.
Мамандар ел кәсіпкерлеріне бірігіп, кооператив құру арқылы көрші елдің нарығына шығуға кеңес берді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде қазақстандық омарташылар бір кооператив құрып Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. «Біз бұрындары еліміздегі бал өнімдерін Қытайға тасымалдай алмайтын едік. Мемлекеттік мекемелердің іргелі жұмысының арқасында келісімге келдік. 1500 отандық бал өндіретін кәсіпкердің басын құрап, кооператив құрдық. Қытайлық арнайы инспекция осы кооператив өнімдерін тексеріп, оң бағасын берді. Енді қазақстандық омарташылардың балы өзге елде де пұлданатын болады», деді палата өкілдері.
Бүгінде «Атамекен» ҰКП Қазақстан өнімдерін Қытай нарығына шығаруға қатысты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, шектеулер қойылған өнім түрлеріне байланысты кедергілерді жоюға да белсенді атсалысуда. Олар, негізінен, отандық өнімдерді көрші елдің нарығына кеңінен таныту мақсатында бірыңғай брендті қалыптастыруды көздейді.