Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына Төле би атындағы №8 гимназия базасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы мұғалімдер үшін «Инновациялық Қазақстан: әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына ену» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты: Қазақстан Республикасы: әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына енуде педагогикалық ұжымның ролі, тәжірибе алмасу, институт, өндіріс және жалпы білім беретін мекемелері арасында ынтымақтастықты нығайту. Дөңгелек үстелге «Қазфосфат» ЖШС, оқу-әдістемелік орталығының директоры Оразова Марина Анатольевна, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Химия және химияны оқыту әдістемесі» кафедрасының т.ғ.к., доценті Жарылқапова Роза Байкешевна, «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы Көшербаева Майгуль, «Химия және химияны оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы Камбарова Эльмира Абдувалиевна және жалпы білім беретін мектептердің математика, физика, информатика, химия, биология, география пәндерінің 36 мұғалімдері қатысты. Дөңгелек үстелде 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу; білім беру жүйесінде –жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу; заманауи мектептердегі мазмұны мен технологиялардың өзгерістерінің инновациялық сипаттарын қосымша білім беру есебінен күшейту мәселелері көтерілді.
Дөңгелек үстелде Төле би атындағы №8 гимназия директорының орынбасары Азимбай Алишер «Инновациялық Қазақстан: әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына ену», Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназияның жоғары санатты химия пәні мұғалімі Калдарова Алтынкуль Даутбаевна «Инновациялық білім беру ортасын қалыптастырудың жолдары», техникалық шығармашылық орталығының әдіскерлік бөлім меңгерушісі Тұрғанбаева Жанат Киргизбаевна «Балаларға қосымша білім берудегі техникалық бағыт бойынша білім берудің инновациялық тәсілдері» тақырыптарында баяндама жасады.