Алматы облысы Ақсу ауданында 5 күн бұрын атқа мінгесіп кетіп, жоғалған қос азаматтың бірінің өлі денесі көлшіктен табылды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ал, бүгін бір сағат бұрын отбасының туыстарына қаралы хабар жетті. Аймұхамед Каметбаевтың өлі денесі Талдықорған-Матай тас жолы маңындағы көлшіктен табылған.
Амангелдінің айтуынша, өлі денесі табылған азамат сол күні қызының тойына бармақ болыпты. Қалтасында 70 мың теңге ақшасы болған. Бірақ, марқұмның мүрдесін тапқан туыстары ақшаға ешкім тиіспепті деп, таңырқап отыр. Ал 1976 жылғы Бақтыбай Ибрагимовтан әлі ешқандай ақпарат жоқ. Оның жары және 4 баласы бар.
Қазіргі таңда іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Туыстарының мәлімдеуінше, жоғалғандарды іздеуге Ақсу аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері бір күн ғана арнаған. Тәртіп сақшылары жоғалғандардың ұялы телефон арқылы соңғы рет кіммен сөйлескенін анықтау үшін Астанаға сұрау жіберген.
“Алайда 5 күн бойы бір де бір мәлімет ала алмай отырған бұл қандай құзырлы орган”, – деп күйінеді Амангелді Ибрагимов.
Естеріңізге сала кетейік, Ақсу ауданында тамыздың 1 күні 19 жастағы Абай Асубайұлы да қыстақтағы малын іздеп кетіп, әлі хабар-ошарсыз.
Ал Бақтыбай Ибрагимовтың туыстары оның аман келетінінен үмітті. Егер кімде-кім осы азамат жайлы ақпарат білсе және осы оқиғаға куә болғандар болса, Ақсу ауданының ішкі істер басқармасына хабарласуларын сұрайды.