Техникалық себептерге байланысты жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкі бойынша жалпыға ортақ декларацияға көшу 2020 жылға дейін тежеледі.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Салық салу және кедендік әкімшілеу мәселелері жөніндегі ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған еліміздің Ұлттық экономика министрі қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлады Үкімет басшысының ресми сайтында.
«Қолданыстағы заңнамада жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялауға кезең-кезеңмен көшуі қарастырылған. Бірінші кезеңде 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, судьялар, басқарушылық және әкімшілік бейіндегі ұлттық компания қызметкерлері, сонымен бірге бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері декларация тапсыра бастауы тиіс болатын. Ал, екінші кезеңде қалған барлық жеке тұлғалар тапсырады.
Дегенмен, ағымдағы жылы жалпыға ортақ декларациялауға көшуге дайындық жұмыстарын жүргізу барысында ақпараттық жүйедегі бірқатар кемшіліктер анықталды. Ол аталған процесті жүзеге асыруға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған орай, 2020 жылдан бастап, бір кезеңмен жалпыға ортақ декаларациялау енгізуді көздейтін өзгертулер ұсынылады», – деді Бишімбаев.
Сонымен бірге, министрдің айтуынша, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларда көрсетілген мүліктің шекті мәні арттырылатын болады.
Бишімбаевтың атап өтуінше, толықтай алғанда заң жобасы ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлік белсенділікті сақтауға, ел экономикасын жандандыруға бағытталған.