Қазақстанда жемқорлық былғамаған жер қалмаған секілді. Ақыры, тазалықтың айнасы – білім ордасынан да соңғы кездері неше түрлі былық шығып жатыр. Онда да осыған дейін ашып айтылмаған нәрселер. Соның бір айғағы – Қазақстанда мұғалім болып жұмысқа тұрудың ставкасының барлығы. Мысалы, Ақтөбеде ол үшін 300 мың теңге берсеңіз, Қызылорда облысында одан 3 есе шығынданып, 1 миллион теңгемен ауыз майлау керек екен.
„Балдызым мұғалім. Жас маман. Универден кейін ауылға мұғалім болып барып, бір жыл жұмыс істеп келді. Информатика пәнінен сабақ береді. Жаздай қала мектептерінен жұмыс таба алмады. Резюмесін алған мектептер мен оқу бөлімі хабарласпапты. Жаны жабырқап жүрген балдызыма қарт ұзтаздың айтқан ақылы:
“Қарағым,бірінші жұмыс тауып алмай, ауылдағы жұмысыңнан бекер шықтың.Қоғамды жегідей жеген жемқорлықтың оқу саласына кіргеніне 5-6 жылдың жүзі болды. Бұрын білімді, білікті ұстазға жұмысқа тұру қиынға түспейтін. Қазір қалада жұмысқа тұрудың құны – 300 мың теңге.
Жоғарыда көкең, не бұндай ақшаң жоқ болса, жұмысқа тұруың екі талай. Мына көрші – Қызылорда облысында мұғалім болу үшін 1 млн теңгең болу керек…,- деген еді.
Балдызым мектептен жұмыс таба алмады. Қазір “Дина” гипермаркетінде жұмыс істеуде. Оқу бөлімі нағыз ұстаздан айрылып қалғанын білмейтіні, өкінішті„ деп жазады ақтөбелік азамат.