Теңіз кен орнынан алынатын жыл бойғы шикі мұнай өндірісінің көлемі 12 млн тоннаға артпақ.
Осыған байланысты “Теңізшевройл” компаниясы 20 мың маманды тартуы керек болып отыр деп хабарлады ATPress.kz өңірлік медиа-порталы.
Қоғам өкілдерімен кездескен «Теңізшевройл» өкілдері Теңіз кеніші өндірісінің қуаттылығын арттыру туралы шілде қабылданған шешімді еске алды. Бұл арада зауыттар құрылысы туралы сөз болып отыр.
“Бұл жобаны қаржыландыру туралы түпкілікті шешім шығарылған соң біз жұмысшылар санын арттыра беретін боламыз. Қазір барлық объектіде 11 мың адам жұмыс істейді. Оның 6 600 Атырау облысынан тартылған, – деді аталған компанияның қоршаған орта бойынша бас менеджері Нұртас Кенғанов.
– Сол секілді вахталық “Өркен” ауылының құрылысы салынып жатыр. Өндіріске толықтай кіріскенде 20 мың маман керек болады, олардың басым бөлігі мердігерлік компанияларға қажет болады, – дейді ол.
Еске сала кетелік, 10-қазанда Үкімет отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметті қорғау министрі 2017 жылдың соңына дейін мұнай саласына қызмет көрсетуші компанияларда жаппай қысқарту орын алғалы отырғанын мәлімдеген еді. Әсіересе, оның Атырау облысына тікелей қатысы бар. Онда шамамен 3 800 адам жұмыссыз қалғалы тұр. Бірақ министр оларды жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын да айтқан.
“Қысқарту Қашағанның іске қосылуына байланысты орын алмақ, ал одан боас қалғандар Теңіз жобасына тартылады. Бұл ретте компания Атырау облысының әкімдігі мен министрліктермен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр” деп мәлімдеді Теңізшевройл компаниясының қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Ырзабек Артығалиев.