Прокуратура Ақтөбедегі 5-маусымдағы лаңкестік оқиғаға байланысты жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шукановты қылмыстық жауапқа тарту қаулысын шығарды.
Мақсат Шляшевтің айтуынша, ол өз қызметінен шеттетілген жоқ, қылмыстық іс туралы ешкім айтпаған, деп хабарлайды Bnews.kz.
«Теракт кезінде 7 адам қаза тауып, 13 адам жараланды. Қару-жарақ пен оқ-дәрі қолды болды. Тергеу кезінде жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шукановтың тиісті деңгейде әрекет етпегені анықталып отыр. Олар оқиға орнына келген арнайы жергілікті полиция қызметкерлерін №6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған лаңкестерге бағыттамаған, оларды қолға түсіру үшін соңына түспеген. Бұл дерек бірыңғай реестрге тіркелді», – деп жазылған қаулыда.
Бұл дерек тез тарап кетті. Ал қалалық жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев:
«Өзім де кеш естідім. Біз қазір жұмыста жүрміз, жиналыстамыз, қызметтен шеттетілген жоқпыз»,- деп қысқа қайырды.
Айта кетейік, облыстық прокуратура 5-маусымдағы қылмыстық істі тергеп, сотқа тапсырды. Келер аптада сот отырысы басталады.