Үдемелі индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында базалық жоғары оқу орындарының даму бағдарламалары негізінде академиялық және басқару дербестігі беріледі.
Бұл туралы министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді деп хабарлады primeminister.kz сайты.
«Келешекте Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламасы аясында базалық жоғары оқу орындардың даму бағдарламалары негізінде академиялық және басқару дербестігін беру жоспарланып отыр. Мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары жаңа ұйымдастыру-құқықтық формаға – 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғамға өзгерту қарастырылуда. Жекеменшік жоғары оқу орындарды коммерциялық емес білім беру ұйымдарына өзгерту бойынша шаралар қабылданады», – деп атап өтті Дархан Ахмед-Заки.
Дархан Ахмед-Заки студентке бағытталған оқыту және еңбек нарығына бейімделген білім беру бағдарламалары, кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайту нәтижесінде түлектердің дайындық сапасын арттыруға және еңбекпен қамтылуына септігін тигізетінін айтты.
Қазақстанда «бүкіл өмір бойына білім алу» қағидасы Ұлттық біліктілік жиектемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Кәсіпорындармен және шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша тәжірибеге Қазақстан Республикасы Үдемелі индустриалық-инновациялық дамудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын базалық жоғары оқу орындар ие. 2017 жылы осы білім беру бағдарламаларының алғашқы түлектері еңбек нарығына шығады.