Бүгін Елбасының тапсырмасымен Ақтөбе облысына 200-ден астам маманды бастап барған ҚР Бас прокуроры өздерінің ел ішіндегі жағдаймен танысып, жергілікті проблемаларды шешуге көмектесу үшін келгенін айтты.
Бұл туралы ҚР Бас прокурорының баспасөз қызметі хабарлады.
«Елбасының тапсырмасымен екі жүзден астам маман келдік. Осында сіздермен бірге жұмыс жасаймыз. Мақсат – тексеру, кемшілік іздеу, баға беру емес, жергілікті проблемаларды бірлесе жұмылып шешу.
Жалпы, жұмысымыз 7 бағыт бойынша жүргізілмек, олар – халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту, әлеуметтік проблемаларды шешу, діни ахуалды жақсарту, ақпараттандыру жұмысы, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру. Әрбір бағытты вице-министрлер басқарып келді.
Бар мәселені шешеміз деп айту қиын. Ол мүмкін де емес. Бірақ, нақты мақсаттарымыз бар. Кейін осы тәжірибені басқа өңірлерде қолдансақ деген ой бар. Біз кеткен соң сіздер де бұл жұмысты жалғастыра бересіздер деген үміттеміз» ,- деді Ақтөбе жұртшлығы алдындағы сөзінде ҚР Бас прокуроры Асан Жақыпов.