Қос ауызды мылтықтың оқ-дәрісі бітіп қалып, Құдай сақтағанда, жәбірленушінің жаны қалды.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ембі қаласының тұрғындарына қатысты қылмыстық іс қаралды деп хабарлады Аktobenews.kz.
2016 жылдың 18-наурызында Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрғындарының арасында түсінбеушілік туындаған. Айыпталушы жәбірленушіні өлтіру мақсатында қос ауызды, 16 калибрлі аңшы мылтығымен қаруланып алады. Сотталушы өзі ашуланып жүрген танысын орталық базар алаңына әкеліп, оған екі рет оқ атқан. Жәбірленуші ауыр жарақат алған.
Сот отырысында айыпталушы адам өлтіруге бағытталған ойын соңына дейін жеткізгісі келгенімен, мылтығындағы оқ таусылып, өзі қашып кеткендігін айтқан.
Оқиғаға қатысты күдікті қолға түсіп, қылмыстық оқиға сотта тергелді. Жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін ішінара мойындағаны, соттылығы жоқтығы, қанағаттанарлық мінездемесі, жасы, жәбірленуші тараптың оған қоятын талаптары жоқтығы ескерілді. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.