Жыры бітпеген “Қазақ елі” фильмі жылдың соңына қарай көрерменге жол тартады. Оны екі жанрда: 10 сериялы хикая және ықшамдалған кино түрінде көрсету жоспарланып отыр.
Бұл жайлы 31 арна хабарлады.
“Қазір біз ақылдасып жатырмыз. Неге десеңіз кинопрокатқа шығатын кезде оның өзінің бір заңдылығы бар. Мысалы бүгін дайын екен деп ертең шығарсаң, мысалы қазір Тимур Бекмамбетовтың “Бен Гур” фильмі жүріп жатыр. Соның көлеңкесінде қалып қалуы мүмкін. Сол үшін біз алдын ала 1 желтоқсанға немесе 15 желтоқсанға қарама-қарсы “Қазақ хандығы” міндетті түрде шығады”, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қазақ хандығының 550 жылдығы деп ел болып тойлаған атаулы шараға орай түсіріліп басталған фильм қаржы жетпей 1 жылдан аса уақытқа кешіккен еді. Аз ақшаға түсірілген туындының сапасына министр де күмәнді сияқты. Әйтпесе, “Қазақ еліне” ұқсас тарихи киномен бәсекелестіктен қашпаса керек.
Мұхамедиұлы мысал еткен “Бен Гур” фильмінің режиссері Тимур Бекмамбетов та қазақстандық кинотуындыларды шетелдік өнімдермен салыстыруға келмейтінін растап отыр. Голливудқа дейін атын танытқан жерлесіміз тіпті, отандық фильмдердің билетін арзанырақ сату керек деген ұсыныс айтты.