Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді.
Аталған бағдарлама аясында бос жатқан жерлерге инженерлік коммуникациялар тартып, жеке үй салып алу үшін 10 сотық жер телімін беру көзделіп отыр. Сондай-ақ Президент қалалардың маңайында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, соның есебінен жеке тұрғын үйге қажетті учаскелерді беруге тапсырма берді.
– Жалпы, жер бар. Оның бәрі жеке меншікте. Сондықтан адамдармен сөйлесу керек. Президент айтты ғой, бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, xалыққа тарату керек деп. Өзіңіз көрсеңіз, бос жатқан жерлер бар. Бірақ бәрінің иесі бар,- деді Бауыржан Байбек.
Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Әкімдер ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, қазіргі жер қорын толығымен түгендеп шығуы тиіс. Осыдан кейін қалалардың бас жоспарын өзгерту бойынша тиісті ұсыныстарды енгізу керек. Әкімдерге жерді мемлекет меншігіне, соның ішінде, жеке тұрғын үйге қажетті жерлерді сатып алу құқығын берген дұрыс. Иә, қаланың ішінде жер жоқ. Бар болса, беріңдер. Оған инженерлік желілерді де тарту оңай. Ал қаланың сыртындағы жер кім көрінгеннің қолында кетті. Енді, шалқайып жатыр. Әкімдер оны алып қоя алмайды. Айтпақшы, қазір, көбінесе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты қалаларда 10 жерге сұраныс жоғары», – деді.
Сондықтан, Мемлекет басшысының айтуынша, әкімдерге бос жатқан жерлерді заңды түрде алып қоюға мүмкіндік беретін тетіктер болуы қажет.
«Егер жерді заңға сәйкес игермей жатса, прокурорлармен бірге барып, алып қоюы қажет. Болмаса, өздері сатып алған кадастрлық бағасымен қайтарған жөн. Осыны алдын ала ескертіп отырмыз, жерді алдыңдар ма, ферма саламыз дедіңдер ме, үй саламыз деп айттыңдар, енді соған жауап беретін кез келді. Бұл мәселені ұзаққа созуға болмайды. Міне, сол кезде адамдар 10 сотық жерін алып, жеке үйін сала алады. Бұны қолға алсақ, құрылыс саласы жандана түседі. Құрылыс материалдарына сұраныс артады. Адамның өз үйі болғанға не жетсін! Ертең ол үй баласына, немересіне қалады», – деп түйіндеді Президент.