Ислам Кәрімов туралы хабар өзбек саясатының мықты қырын ашып көрсетті. Ол – өзбек элитасында тәртіп пен мәдениеттің барлығы. Ең бастысы, Өзбекстан халқының ұлттық дәстүр мен жөн-жоралғыны сақтап, оған сыйластықпен қарайтындығы, исламға, дәстүрге сай үнсіздік сақтай алатындығы.
Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
„Кез келген мемлекетте биліктің ауысуы белгілі бір деңгейде қауіп-қатер әкеледі. Әсіресе, саяси институттардың осал жағдайында. Бірақ, бір ерекшелігі, тіпті мықты жағы деп айтсақ та болады, өзбек саясатының өн бойы ұлттық мәдениеттен, салт-дәстүр құндылықтарынан өріліп тұрғандығы.
Өзбек президентінің денсаулығы туралы хабар бір апта бойына сан-саққа жүгіртіліп, шетелдік басылымдар да түрлі долбарлар жасап үлгерді. Бірақ, соған қарамастан осы уақыт аралығында өзбек билігі қыңқ демей, дымын білдірмей, сабыр сақтады.
Осылайша бәрін жып-жинақы ұстауда өзбек билігінің бақылау функциясы әлеуетінің күштілігі де байқалып қалды.
Негізі, мұндай жағдайда, әдетте кейбір мемлекеттік органдар мен түрлі саяси орталықтар бір-біріне қарама-қайшы ақпарат таратып, әбден шатасып жатады.
Бірақ Өзбекстанның президент әкімшілігінің де, үкіметтің де, сыртқы істер министрлігінің де және басқа ресми органдарының да бір апта бойына сөздері бір жерден шығып, элитада қандай да бір тәртіптің, мәдениеттің барын көрсетті. Демек, Өзбекстандағы билік ауысу процесінде де қандай да бір айқай-шуды күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын„.
PS. Расында, Ислам Кәрімовтен қазаққа үлгі алар тұс көп. Әрине, Өзбекстан президентінің біз білмейтін, мүмкін, көп кемшілігі бар шығар. Бірақ, қазақтар өзбек көшбасшысына үлкен әрі ерекше құрметпен қарайды. Өйткені ол ауылдарды ыдыратып жібермеді, ана тілін басқа тілмен қатар қоймады, кім көрінгенге халқын ел ішінде басындырмады, ақсақалдар билігін бірден құрып, тәртіпті ұлттық құндылыққа сай түзді, халқының барлығын өзбек деп жаздырды, қандай да бір „станмен„ елді бөліп-жармады, ең бастысы, мемлекет құрылымын ұлттық болмысында сақтады, батыс немесе еуразиялық деп шатылмады. Рас, қой енді…
Саясаттанушы Ерлан Қарин, Facebook-тегі жеке парақшасындағы жазбасы