Павлодарда 27 жастағы банк менеджері клиенттердің есепшотынан заңсыз 800 мың теңгені өзіне аударып алған.
Ол банкте азаматтардың несие бойынша қарыздарын өндіру қызметімен айналысқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының ішкі істер басқармасының орталық бөлімшесінің қызметкерлері банк филиалдарының бір қызметкерінің ақша ұрлаумен айналысқанын анықтаған.
– Ақшасын шешіп алуға болатын клиентті іздеп табу үшін күдікті банктерді аралаған. 2016 жылы мамыр айының соңында ол кассадан ер адамның ірі көлемде ақша алып тұрғанын көрген. Клиент туралы мәліметті естіп алғаннан кейін менеджер жұмысына келген де салық комитетінің сайты арқылы ол туралы ақпарат жинай бастаған.
Толық мәліметке қол жеткізген соң, қаскүнем танысынан өзіне абоненттік нөмір рәсімдеуді өтінген. Бұдан кейін тоғыз сим карта сатып алып, «Интернет банкинг» қызметін қосқан, – деді Павлодар облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, ол банктің сайтына есепшотында 3 миллион теңгесі бар клиент туралы мәліметті енгізген.
Бұдан кейін 11-19 шілде аралығында сатып алған тоғыз нөмірге ақша шешіп алып, қаржыны букмекерлік кеңседе ашылған есепшотына аударып отырған. Ақшаның жоғалғаны туралы клиент есепшотын тексергенде ғана білген. Осы жоспар бойынша алаяқ сол банктің филиалынан тағы бір клиенттің дипозиттік есебінен 13 500 теңге жымқырған.