ТВЕА қытай компаниясы Тәжікстанның Соғды облысында орналасқан «Шығыс Дуоба» алтын кенішін өндіруге лицензия алды.
Аталған компания осыған дейін «Шығыс Дуоба» және «Жоғарғы Кумарг» кен орындарынан алтын іздеу жұмыстарын жүргізген. Алтын қорын тапқаннан кейін, өндіруге рұқсат алып отыр.
Тәжікстанның геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі бас басқармасы ТВЕА компаниясы екінші «Жоғарғы Кумарг» кенішінен алтын іздестіру жұмыстарын аяқтап, алтын тапса, оны өндіруге лицензия алуға мүмкіндіктері бар екенін айтады.
Тәжік экономикалық сарапшысы Константин Бондаренко қытай компанияларының Тәжікстанға келуі қысқамерзімді стратегиямен қарасақ, ел экономикасының дамуына септігін тигізеді, бірақ ұзақмерзімді стратегия бойынша, мұның бәрі жақсылыққа әкелмейді дейді.