Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильиннің жеке бапкері Тойшан Бектеміров спорттан кететінін мәлімдеді.
Бұл туралы ол Vesti.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында айтқан деп хабарлайды sn.kz. Спорт маманы әлі соңына жетпеген допинг дауына қатысты ойымен бөлісіп, осы тақырып төңірегіндегі бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Оның айтуынша, 4 және 8 жыл бұрын не болғанын еске түсіру қиын. Кімнің не істеп, не қойғанын айта алмаймын дейді ол. Бектеміров болып жатқан жағдай саясатпен байланысты деп те есептейді.
“Мұны саясатқа бұру қазір қолайлы болып тұр. Мен де солай ойлаймын. Бірақ, қалай болғанда да дерек бар: Ильяны допинг пайдаланды деп айыптауда. Бұл дегеніңіз жауапкершілікті тек Илья ғана емес, оның айналасында жүрген біз де өз мойнымызға алуымыз керек. Міне, мұндай қадамға баруымның тағы бір себебі осы. Өзгелер мені дұрыс түсінеді деп ойлаймын”, – дейді ол.
Жаттықтырушы WADA-ның кей әрекеттерін түсінбейтінін де айтып отыр. Мәселен, аталған ұйым 2013 жылы допингті анықтайтын жаңа әдіс ойлап тапқанын хабарлаған болатын. Алайда, сол кезде ешкімнің сынамасы тексерілген жоқ.
Егер дәл сол жылы спортшыларымыздан тыйым салынған препараттарды тапса, 2 жылдық шеттетудің уақыты 2015 жылы аяқталатын еді. Яғни, Ильин Рио олимпиадасына биыл баратын еді дейді ол. Алайда, WADA үш жыл күтіп, тек биыл ғана атлеттердің соңына шам алып түсіп отыр.
Естеріңізге салайық, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік қазақстандық төрт ауыратлеттің (Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова) допинг-сынамасынан тыйым салынған препараттар тауып, оларды 2 жылға жарыстардан шеттеткен еді. Енді аты аталған төртеудің ешбірі Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы олимпиада ойындарына бара алмайды.