Алматы облысында жүргізуші үш бірдей жолаушыны қағып, біреуі ауруханада қаза болған.
Алматы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, автокөлік рөлінде болған 25-жасар азамат уақытша ұстау изолторына қамалған.
Жол көлік оқиғасы 31-мамыр күні, Еңбекшіқазақ ауданында, Шелек ауылының орталық көшелерінің бірінде орын алған. «Volkswagen Jetta» автокөлігін тізгіндеген жүргізуші жолаушыларға арналған жолақтан өтіп бара жатқан үш азаматты қағып, оның біреуі – ауруханада қайтыс болған.
«Жолаушылар жолағымен 34 жасар ер адам, 35 жасар әйел адам және бүлдіршін өтіп бара жатқан. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, келіншек аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қалған екеуінің денсаулығын дәрігерлер бақылауда», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, сондай-ақ, көлік тізгіндеген азаматтың көлік жүргізуге құқық беретін куәлігі жоқ екен – ол ешқашан мұндай куәлік алмаған болып шықты.
Қазіргі таңда аталған оқиғаға қатысты қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.