Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты “Алғабас” ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірі қисайып құлағалы тұр. Нәтижесінде, 1-маусым күні кешке аталған үйдің тұрғындары көшіріліп, ғимарат күзетке алынды.
“Алғабас-6” ықшамауданындағы тоғыз қабатты үйді қазір полиция мен төтенше жағдай қызметі қоршап күзетіп тұр. Қоршау маңында өрт сөндіру, жедел жәрдем, газ қызметі көліктері топтасқан.
Төтенша жағдай комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, 1-маусым күні сағат 18:30-дан кейін осы ықшамаудандағы 1/136 үйде тұратын адамдардың тізімі жасалып, 200-ден астам адам эвакуацияланған. Олар қаладағы қонақ үйлері мен туысқандарын паналап отыр.
Кейінгі жауын-шашын әсерінен үйдің жертөлесіне су кіріп, салдарынан табанындағы топырақ қабаты отырып, ғимарат қисайған. Бүгін аталған төтенше жағдай бойынша арнайы комиссия құрылатын болады.