Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарына түсу үшін құжаттарды қабылдау басталды. Жыл сайын оған 1 мыңға жуық азамат оқуға түседі, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жыл сайын еліміздің әскери жоғары оқу орындарында оқытудың жаңа бағдарламалары қайта әзірленіп, енгізілуде. Енді ҚР Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының курсанттары шет елдердің әскери жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыра алады. Бірінші курс аяқталғаннан кейін курсанттар шетелдегі әскери оқу орындарына оқуға іріктеу үшін медициналық куәландырудан өтеді.
Еске сала кетсек, биыл жаңа мамандықтар енгізілген. Алғаш рет 2016-2017 жылдары Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында әскери-медициналық факультет құрылады.
2016 жылдан бастап Құрлық әскерлерінің Әскери институты «Әскери істегі менеджмент», «Әскери істегі логистика», «Әскери істегі юриспруденция» сияқты мамандықтар бойынша курсанттарды даярлауды бастайды. Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтында «Әскери істегі радиоэлектроника мен инжиниринг» мамандығы бойынша дайындық басталды.
Түлектер аталмыш мамандықтар бойынша әскери қызметті аяқтағаннан кейін азаматтық салада жұмыс жасай алады. «Бүгінде әскери білім қарқынды дамуда. Оқыту сапасы жоғары деңгейге қойылған. Оқу бағдарламасына әскери әдеп, әскери істегі көшбасшылық пен басқару стилі енгізілген. Осы факторлар курсанттардың жеке тұлғасын, көшбасшылық қасиеттері мен мінез-құлқын қалыптастырады», – деді ҚР ҚМ Білім және ғылым департаментінің бөлім бастығы полковник Әсет Ақкөзінов.
Жыл сайын еліміздің әскери оқу орындарының курсанттары шетелдерде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтап, өздерінің біліктіліктерін арттырады. Әскери жоғары оқу орындарының курсанттары үшін білім алуларына барлық жағдай жасалған. Олар тегін мекен-жайда тұрады, білім беру тегін, әрі әлеуметтік жағынан толық қамтылады. Оқуды бтіргендер 100 пайыз жұмыспен қамтылып, әскери лауазымдарға тағайындалады.