Таяуда АҚШ-та өзінің 21-ші кездесуін жеңіспен аяқтаған 31 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам кеше кеште Алматыға оралды.
Алматының Халықаралық әуежайында Қанатты қарсы алу үшін 200-ге жуық адам жиналды. Олардың арасында Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов, Қазақстанның бокс федерациясының вице-президенті, белгілі меценат Бауыржан Оспанов, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов және басқа да белгілі тұлғалар болды.
Көпшілік алдында Амалбек Тшанов барша қазақстандық жанкүйерлердің атынан Қанаттың иығына шапан жапты.
«Қазақ халқының әр кезде де өздерінің батырлары болған. Қанат – бүгінгі қазақ батыры. Өйткені, ол қазақтың көк байрағын желбіретіп, қазақ халқын бүкіл әлемге танытып жүрген ардақты ұлымыз», – деді А. Тшанов.
Өз кезегінде Қанаттың қамқоршы ағаларының бірі Бауыржан Оспанов та Қанатты кезекті жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да жанкүйерлерін қуанта беруіне тілектестік білдірді.
Ал Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов: «Туған елге қош келдің Қанат», “Жасасын Қанат”, «Қазақстан алға!» – деп тағы да ұран тастады.
Осыдан кейін, «ұлымның тұсауы кесілсе екен» деп үміттеніп келген Қанаттың тілегі орындалды. Көпшілік алдына оның кішкентай ұлы Абылайхан шығарылып, аяғына ала жіп байланды. Сөйтіп, қаумалаған жұрттың сүйемелдеуімен тәй-тәй басқан Абылай баспалдақпен жоғары қарай жүріп әкесіне жетті. Қанат ұлының тұсауын кесіп, оны мейірлене құшағына басты.
Өз сөзінде Қанат қатты толқып, бұл тосын сыйға қатты риза болғандығын жеткізді.