Оңтүстік Қазақстанда әкесінің қалтасын қақпақшы болған жас жігіт өзін өзі „ұрлаған„, – деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
2016 жылғы 10-мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Шымкент қаласының 53 жасар тұрғыны шағымданыпты. Сөйтсек, оған белгісіз біреулерден WatsApp желісі арқылы „ұлың біздің қолымызда, оны көргің келсе, 20 мың АҚШ долларын төле„ деген хабарлама жолдап, қомақты қаржы бопсалапты.
„Сол күні кешкі сағат 21.00 шамасында ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмықа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кешенін жүзеге асырудың нәтижесінде Шымкент қаласы 8-ықшамауданындағы тұрғын үйдің ауласынан 28 жасар жігітті тапқан„, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тергеу барысында полицейлер ешқандай бас бостандықтан айырудың болмағанын анықтады. Сөйтсек, мұның барлығын әкесінің қалтасын қағып, 20 мың АҚШ долларды иеленбек болған жас жігіттің өзі ойлап тауыпты. Айлакер сабаздың сөзіне сенсек, ол әлде біреулерге қомақты қаржы қарыз болып қалған көрінеді.