7-мамыр Отан қорғаушылар күні қарсаңында Астанадағы жоғары оқу орындары әскери кафедраларының курсант қыздары ер-азаматтарды ерекше құттықтады.
Жүзден астам студент қыздар шаффл дэнс стиліндегі Tez Сadey «Seve» әнінің сүйемелдеуімен танымал би орындады. Осылайша жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында оқитын қыздар Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет ететін барлық әскери қызметші қыз-келіншектердің атынан барша ер-азаматты Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Бұдан бұрын «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің тәрбиеленушілері осы әуенге би билеп, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен барлық аналарды құттықтаған болатын.
Жалынды құттықтау тек Қазақстанның интернет-пайдаланушыларының қызығушылығын оятып қана қоймай, шетелдіктерді де тамсандырды. Қазақстан мен шетелдің барлық танымал желілерінен бұл құттықтауды тамашалағандардың саны миллионнан асқан, деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл идеядан шабыттанған қыздар Отан қорғаушы күнін айғақтайтын 7 санын келтіре отырып, флэшмоб орындады.