Алматы қаласында екі тәуліктен бері жоғалған С.Асфендияров атындағы медициналық университет студенті іздестіріліп жатыр. 23 жасар Санжарбек Арзиев өткен жұмадан сенбіге қараған түні жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. Достарымен бірге туған күнін тойлап жатқан жігіт бар болғаны бірнеше минутқа сыртқа шығып кетіп, оралмаған, деп хабарлайды КТК.
Курстастарының айтуынша, Санжарбек Алматының қақ ортасында тура мағынасында ғайып болып кеткен. Қазіргі уақытта оны полиция мен еріктілер іздеп жатыр.
Медициналық ЖОО студенттерінің Есентай өзені маңын кезіп жүргеніне бүгін үш тәулік болды. Жұма күні туған күнін тойлап, түнгі клубқа бара жатқанда Санжарбек көлікті тоқтатуды өтініп, қоңырау шалуға сыртқа шығады. Досы Ермек Есеновтың айтуынша, ол сыртқа шыққанда көліктің маңында болған. Кешігіп жатқан соң, 5-7 минуттан кейін көліктен сыртқа шыққан достары оны іздестіре бастайды. Артынан таксимен қыздарға кетті деп жорып, тынышталады.
Алайда, Санжарбектің қыздардың қасында жоқ екендігіне көз жеткізген Ермек дабыл қағады.
Кешкісін полицияға хабарласқан жігіттер мына видеоға қол жеткізеді. Онда анық болмаса да, белгісіз біреудің өзен жанындағы қоршауға келіп, төмен құлағаны байқалады. «Сондай-ақ, камерадан оның көліктен шығып, оны айналып телефонмен сөйлесе жүріп, сол өзенге беттегені, сосын белгісіз жаққа құлағаны көрінеді.
Ол құламай, мына жер еңіс болғандықтан назардан жоғалған болуы да мүмкін» деді Ермек Есенов.
Еріктілер бүкіл қалаға арнайы хабарландырулар іліп тастағаннан кейін, бірнеше қоңырау шалынған. Фотодағы жігітті таныған адамдар оны келесі күні таңда түнгі клуб маңында көргендіктерін хабарлаған.
«Оны шамамен «Эсперанза» клубы маңынан таңғы 10-да көрген. Шамасы ол сонда барса керек. Сол жерде төбелес пе, жанжал ма болған. Полицияға звондамақшы болған куәгер асығыс болғандықтан, үлгермеген. Одан кейін оны «Саяхат» автобекеті маңында да көргендер бар,» – дейді Санжарбектің курстасы Әсия Шәйкенова.
Санжарбектің телефон нөміріне кірген-шыққан қоңыраулар мен банк карточкасынан үзінді көшірмесі көптеген мәселенің басын ашар еді. Бұлардан өзге оның жақындары сол маңға жақын жердегі өзге де бақылау камераларынан қажетті бейнежазбалар алудан үміттеніп отыр.
Қазіргі таңда Алмалы аудандық ІІБ жанынан Санжарбекті іздеуге арнайы жедел іздестіру тобы құрылған. “Азамат Арзиевтің жоғалғаны туралы арызбен 30-сәуір күні күндіз оның досы хабарласты. Бірінші кезекте оның Есентай өзеніне құлап кетуі мүмкін деген нұсқа тексеріліп, сүңгуірлер іске қосылды. Алайда, бұл әрекет нәтижесіз болды. Бұлардан өзге, жедел іздестіру тобы оның араласатын ортасын, өзге де мәліметтерді тексеріп жатыр,” – деді Алмалы аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Асқар Болатов.
Санжарбек туралы қандай да бір ақпарат білетіндер төмендегі телефондарға хабарласуына болады:
8 777 585 77 11, 8-702 178 70 70, 8 708 108 15 16, 8 747 182 88 32