Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-10
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“50 мың теңге ғана алуға рұқсат!”. RBK банктің техникалық дефолтқа ұшырағаны рас па?..

320

Банк тұтынушыларын бұдан бөлек тағы бір „тосын сый„ күтіп тұрған болып шықты. Жинағын доллар түрінде сақтағандар тек 300 доллар шешіп ала алған, яғни, 100 мың теңге ғана. Ал одан көп сомада ақша шешіп алғысы келгендер банкке арыз жазып қалдыруы керек екен, бұл арызды банк бес жұмыс күні ішінде қарап, өз шешімдерін айтатындарын да ескертуді ұмытпапты.

Содан, банктен ақшасын толықтай ала алмаған ел у-шу, абыр-сабыр. Бір күн бойына банк басшылығы ләм-мим деп тіл қатпады.

Ал ақшасын ала алмай жүрген тұтынушылар банктің алдын торуылдап жүр. Ашулы жұрт тікелей банктен түсірген видеоларын әлеуметтік желіге да жүктей бастады. Қазір мүлде ақша жоқ көрінеді. Әрине, түрлі сыбыс туды. Банк техникалық дефолтқа ұшырапты десті біреулер. Бірақ бұған көзі қарақты қаржыгерлер мен журналистер аң-таң. Өйткені банктің ахуалы қағаз жүзінде өте тамаша-тұғын!..

Иә, солай.

Ресми есепке тоқталсақ, қыркүйек айының басында ғана Bank RBK АҚ-қа тиесілі актив 1 017,3 трлн теңгені құраған (мамырда бұл көрсеткіш 945 млрд теңге еді), ссудалық қоржын – 723 млрд теңге, оның 594,5 млрд теңгесі банк тұтынушыларының ақшасы, оның ішінде, 206,7 млрд теңгесі жеке тұлғалардың салымы. Банктің өзіндік капиталы 96,9 млрд теңгеге тең, басты капитал – 64,4 млрд теңге, ал осы жылдың 8 ай ішіндегі табысы – 2,5 млрд теңге.

Міне, бұл цифрлар банкке қатысты қандай да бір жаман ой туғызбайды.

Туындаған жайтқа қатысты банктің ресми жауабы келді

Айтқандай, бір күннен кейін барлық журналистерге банк басшылығы өзінің баспасөз баянын таратты. Бірақ онда нақты ештеңе айтылмайды.

Банктің ресми жауабына сөзбе-сөз тоқтала кетелік:

«Bank RBK АҚ (…) қаржылық жағдайды нығайтуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Оған қаржы институтын капиталмен толықтыру, қосымша ақша өтімділігімен қамтамасыз ету, проблемалық заемдармен жұмысты, бизнес-моделдерді жетілдіру сынды шаралар енеді.

Банк акционерлерінің бірі Владимир Ким басқа акционерлердің ұсынысы бойынша Ұлттық банк пен Қазақстан Үкіметімен келіссөз жасауды ұсынды. Мемлекет пен жекеменшік банкі ынтымақтастығы шеңберінде Владимир Ким банкті капиталмен қамту шарттарын талқыламақ», – делінген RBK банкі таратқан хабарламада.

Өздеріңіз көріп отырғандай,

бұл арада банк туындаған проблемаға қатысты бір ауыз сөз айтылмайды. Дегенмен банктің қолма-қол ақша беруде шектеу енгізуі ақша өтімділігіне қатысты проблема туындағанын анық аңғартады.

Басқаша оны қалай түсінуге болады?..

Оған қоса, естеріңізде болса, бұл банк, яғни Bank RBK Qazaq Bankiмен біріккелі жатқанын 31-мамырда жария еткен болатын. Екі банктің қосылуының кезең-кезеңін қамтыған жол картасында жаңадан құрылған қаржы институтын Қазақмыс корпорациясы акциясының 70 процентіне ие Владимир Ким уысында ұстайды делінген. Сөйтіп, бұл банк Қазақстандағы ірі банктің бестігіне енетін болып есептеліп еді. Енді қосылу процесін бастап кету ғана қалған…

Рейтинг аяқ-асты күрт құлдырап кетті

Міне, біздіңше, осы кезеңде қандай да бір қиындықтар туындаған секілді. Өйткені 8-маусымда Ұлттық банк Bank RBK-ға ескерту хат жолдады. Онда банктің заңмен бекітілген тәртіпті бұзып жатқаны айтылды.

Жыл басынан бері банк осындай 11 хат алып, екі рет әкімшілік айыппұл төлеуге де тартылыпты.

Тамыз айының ортасында Bank RBK жыл соңына дейін қазақстандық миллиардер Владимир Ким банктің басты капиталына 20 млрд теңге құятынын жариялады. Оны банктің қарапайым акцияларының қосымша эмиссиясы секілді жүргізбек болды. Міне, осы мәлімет тарап, 8 күн өткен соң Standard & Poor’s Ratings Bank RBK АҚ-тың ұзақмерзімді және қысқамерзімді несиелік көрсеткіші – «В-/В»-ны «ССС+/С»-ға дейін, ал банк рейтингін «kzB+»-тен «kzB»-ға төмендетті.

«Соңғы 3 ай ішінде Bank RBK-нің ақша өтімділігі күрт төмендеді. Бұл тұтынушылардың депозиттерін жаппай бұзып кете бастауымен байланысты.

Банк бұл арада өтімділікке қатысты тәртіпті бұзды. Осы туындаған жағдайға байланысты біз банктің қаржылық міндеттемесін орындаудағы қауқарын төмен деп санаймыз. Банк әзірге мемлекет тарапынан ешқандай көмек алған жоқ», – делінеді рейтинг агенттігінің хабарламасында.

Акционерлер арасынан ши шықты

Одан бөлек тағы бір жаңалық болды.

Таяуда банктің акционерлер құрамы өзгерді.

Кезектен тыс болған акционерлер жиынындағы шешім бойынша Фарид Люхудзяев (төраға), Игорь Мажинов, Данияр Туғанбай, Николай Радостовец, Нұргүл Ертаева, Нұрхан Нұрланов директорлар кеңесінен шығып қалды. Ал олардың орнына банк басқармасының басшысы Марпа Жакубаева мен Болатбек Жайназаров жайғасты.

Соған қарағанда, бұл арада қалталылардың қызу күресі басталып кеткен секілді.

Біз мұның қарапайым тұтынушыларға кесірі тиіп кетпесе екен деп тілейміз. Әзірге анығы, банк техникалық дефолтқа ұшыраған жоқ. Енді әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ…

Басты мәлімет

Қазақстан қор биржасы келтірген дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда банктің акционерлері мына кісілер болып танылады:

  • «Фонд-инвест» мүлікті басқару жөніндегі дирекциясы ЖШС – 19,04%,
  • Фарид Люхудзяев (SBS Group қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорынлары мен тау-кен байыту компаниялары тобының басшысы) – 9,53%,
  • Темір Жұмаев (9,25%),
  • Дінмұхамет Ыдырысов («Ордабасы» компаниясының бақылаушы пакетінің иесі) – 7,52%,
  • «Нұр-Экспорт ҰС» ЖШС – (6,97%), Владимир Ким (6,75%), Уәлихан Нұрмұхамедов (6,74%), Бахаридин Аблазимов (5,5%),
  • Игорь Мажинов (5,51%).

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз