Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қатаң карантин кезеңіндегі халықты қолдау шаралары туралы айтып берді.
— Үшінші тоқсанда АӘК тағайындау қолда бар деректердің негізінде өтінішсіз қайта тағайындалады. Егер мүгедектік мерзімі осы кезеңге келсе, онда автоматты түрде ұзартылады. Осындай 29 мыңға жуық адам бар. Төтенше жағдай кезінде біз халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсеттік, азық-түлік үшін төлем белгіледік. Мұндай төлемдер 1 млн 150 адамға тағайындалады.
Шілде айында 42500 теңге сомасында әлеуметтік көмек беріледі. Бұл жолы 42500 теңге ТЖ кезінде қолданылған принцип бойынша тағайындалады. Яғни, коронавирустың таралуын болдырмау үшін енгізілген шектеулерге байланысты жұмысын жоғалтқан адамдар осы көмекті ала алады. Олар жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Бұл жолы біз бір айға ғана көмек береміз, — деп түсіндірді министр.
Ол төлем операторы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры болатынын атап өтті.
— Бұған дейін біз осы Қордың қаржылық жағдайы туралы айттық. Шынында оның жағдайы шектеулі. Алдағы аптада бұл мәселе шешілуі керек. Бір аптаның ішінде біз төлемді беру ережелерін пысықтап, тиісті органдармен келісеміз және порталымызды тексереміз. Біздің жоспарымыз бойынша, жұма күні барлық порталдар өтінім беру үшін ашық болады. Дүйсенбіден бастап төлемдерді тағайындаймыз. Өтінімдерді жұмадан бастап қабылдаймыз, — деп қорытындылады Нұрымбетов.