Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
6
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

“100 жаңа есім”: “Мыңдаған отбасыға бала сүю бақытын сыйлаған жан”

232

Ол негізін қалаған «ЕСOMED” адам ұрпағын өрбіту емханасы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы медициникалық мекемелердің бірі. Бүгінгі әңгіме биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова жайында өрбімек.

Бір сұхбатында ол былай деген: «Біздің басты жетістігіміз – отбасы бақытын сыйлаумен қатар, қазақстандықтар санының артуына үлес қосуымыз болса керек».

Жалпы республикамызда алғаш жасанды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген бірінші бала 17 жасқа толып отыр. Біздің орталықтан ғана 3 мыңнан астам бала өмірге келген. Негізінен соңғы 6-7 жылда 10-нан астам ЭКО-орталық ашылып, жұртшылыққа мүмкіндігінше көмек жасалуда”.

Алғашқы жылдар

Еңбек жолын сонау 1988 жылы Алматының қалалық емханасында дәрігер-лаборант болып бастаған Салтанат Байқошқарова сол кездің өзінде ерлердің бедеулігін анықтаумен айналысып, жолдасының немесе донордың ұрығын жатырішілік инсеминация жасау және де аталық ұрықтың криоконсервациясы әдістерін енгізген екен. Көрдіңіз бе, қалай?

Ал 1995 жылы бел буып бедеулікті емдейтін «Экомед» орталығын ұйымдастырып, елімізде және Орта Азияда алғашқы болып денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін енгізеді.

Иә, белгілі бір дәрежеде тәуекел етеді. Бірақ, көз қорқақ, қол батыр емес пе?! Осының нәтижесінде 1996 жылдың 31 шілдесінде дәл осы лабораторияда еліміздегі алғашқы «құтыдағы бала» дүниеге келеді. Дәл осы кезде Қазақстандағы ең алғашқы лаборатория ретінде «Экомед» ұрпақ өрбіту емханасы Францияда орналасқан Дүниежүзілік ДТҰ регистріне тіркеледі. Солай.

Сол кездерді Салтанат Байқошқарованың өзі былай деп еске алады:

«Иә, бұл бір аумалы-төкпелі кез еді. Елдің жағдайы ауыр болатын. Бірақ, медицина әрқашан қажет қой. Ұрпақ сүю, үрім-бұтағын жалғастыру адам баласына парыз. 1995 жылдан 1996 жылға қараған уақытта бедеулікті емдеу орталығы – «Экомед» емханасын ашуды ұйғардық. Бұл іске ұйытқы болып, қолдау көрсеткен жолдасым Батыр болатын. Сонымен қатар, емханамыздың бүгінгі жоғары дәрежеге жетуіне Мәскеудегі «ЭКО» орталығының директоры, профессор В.М.Здановскийдің және ҚР Президенті Іс басқармасы медицина орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.С. Құралбаевтың көп көмегі тиді.
Жұмысты жүйелі жүргізе білгендігіміздің нәтижесі болар, клиника ашылғаннан кейін, 9 айдан соң, дәлірек айтқанда, 1996 жылдың шілде айында, денеден тыс ұрықтандыру әдісінің көмегімен орталығымызда алғашқы бала дүниеге келді”, – дейді ол.

Міне, содан бері 21 жыл сырғып өтіпті.

Қазіргі күні ол басқаратын «Экомед» ұрпақ өрбіту емханасына тек Қазақстаннан ғана емес, сонау Америкадан, Ұлыбританиядан, Ресейден, Түркиядан келіп емделетіндер көп және солардың көпшілігі бала сүю бақытына ие болуда.

Бұл бір жағынан біздің елге жарнама. Қазақстан медицинасын әлемге танытуда таптырмайтын тәсіл.

«Шыны керек, орталығымыз ашылғалы бері көптеген бала дүниеге келді. Бірақ, нақты санын айтпай-ақ қояйын, Құдай санатпай-ақ қойсын. Тек қазақ елінде дүниеге келер сәбилер көбейе берсін деп тілейік”, дейді Салтанат Байқошқарованың өзі.
Анығында ол өзі басқаратын орталыққа келген науқастарға ем жүргізумен шектеліп қалған жоқ, елімізде осы саланы барынша дамыта түсу мақсатында алыс-жақын шет елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түрлі ғылыми іс-шаралар өткізуде.

Мұндағы мақсат елордасы Астанамыздан бүгінгі заман талабына сай келетін «Экомед» адам ұрпағын өрбіту және эмбриология институтын ашу”, – дейді Салтанаттың өзі.

Иә, бір білсек бұл қымбатқа түсетін процедура. Бұл арада «сонда бала сүю бақытына қалталы адамдар ғана ие бола ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін.

Бұлай ойласаңыз, қателесесіз.

Орталықта алыс елді-мекендерден келетін материалдық жағдайы төмен әйелдерге арналған арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Бұл ретте бірқатар деректерді алға тарта кеткеніміз жөн болар.

Ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда жылына 160 мыңнан аса жас отбасы құрылса, соның ішінде 20 мыңға жуығы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен.

Осыған орай соңғы бірнеше жыл бойына ЭКО бағдарламасын өткізуге мемлекеттен арнайы квота бөлінуде. Айталық, осыдан шамамен 3-4 жылдай бұрын квота әр өңірден барлығы 100-ден астам әйелдерге берілсе, бүгінгі күні бұл 900 квотаға дейін арттырылды.

Тағы бір жағымды жаңалық – ЭКО-мен бала көтеруге ниетті әйелдердің жасы бұрынғыдай 35 жаспен шектелмейтін болған.

Айтпақшы…

Оған бір жылдары биліктен де орын ұсынған екен. Бас тартыпты.

«Мен жүрегімнің қалауыммен таңдаған мамандығым бойынша жұмыс жасап жүрмін. Сосын белгілі бір деңгейде еліме пайдам тиіп жатыр деп айта алам. Ал билікке бару үшін де адамның соған белгілі бір бейімділігі болуы керек шығар. Соған қарай ұмтыла білуі керек. Маған лауазымды қызмет атқарғаннан гөрі, ақ халатты абзал жан ретінде қаншама отбасының алғысын арқалағаным әлдеқайда артық сияқты көрінеді», – дейді Салтанат Байқошқарова.

Рас айтады. Оның бұл еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Елбасы Н.Назарбаев оның денсаулық саласындағы ерен еңбегі үшін, алғыс хаттармен, мақтау грамоталарымен марапаттап, «Құрмет» орденін табыстады. Мұның өзі еңбектің еленгені, атқарған істің жемісі.

Білім мен сапа

«Экомед» ұрпақ өрбіту емханасының басшысында күні-түні тыным жоқ. Салтанат Байқошқарова беделді Еуропалық адам ұрпағын өрбіту және эмбриология қауымдастығы мен Ресей Адам Ұрпағын Өрбіту ұйымының белді мүшесі және олардың барлық конгресстерінен қалмайды.

Осы күнге дейінгі уақытта оның қолынан туған 50-дей ғылыми еңбек оның жолын жалғастырғысы келетін талай жас маманға таптырмас әдістеме болды.

Онымен қойын-қолтық жұмыс жасайтын мамандардың барлығы да Салтанат Байқошқарованың қатал іріктеуінен өткен.

Мұным бекер емес. Мамандарды алғаннан кейін олардың міндетті түрде шетелдерде бір оқытып аламыз. Өйткені өздеріңіз білесіз репродуктология – өте күрделі сала. Соның ішінде экстракорпоралды ұрық­тан­дыру әдісі ерекше ұқып­тылықты, тиянақтылықты және ең бастысы терең білімді қажет етеді.

Біз мына іштегі баланың ғана емес, сол баланы жарық дүниеге әкелетін әйелдің де өмірі үшін жанталасамыз. Мұндай кездері жүйкең де берік болуы керек. Шыдау керек. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені, бедеулік белгілі бір дәрежеде психологиялық ауру. Ондаған жылдар бойы бала көтермей жүрген әйелдердің басым бөлігі өте қатты күйзелсіке, депрессияға ұшыраған. Кейбірі тіптен шыдамсыз. Айғайшыл. Міне, сондай клинеттермен тіл табысып, жылы сөйлесе білу керек. Демек, бұл арада білім мен қатар клиентке қызмет көрсету этикасын да ескереміз. Мамандарға талабымыз қатал болатыны да сондықтан. «Экомедте» ультрадыбыстық зерттеу деген бөлек кабинет жоқ. Мамандарымыз УДЗ-аппаратын да қоса меңгерген”, дейді Салтанат Байқошқарова.

 

15 мың ұрпақ өмірге келді!

«Экомед» алғашқыда Алматыда құрылғанын айттық. Орталықтың Астанадағы филиалы ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ, осы уақыттың ішінде өмірге келген бүлдіршіндерің саны 3 мыңнан асып жығылған екен! Керемет емес пе? Қазақтың саны тағы да 3 мың адамға көбейген!

Жалпы санын айтайық. Осы күнге дейін Қазақстандағы ЭКҰ-мен дүниеге келгендердің жалпы саны 15 мыңнан асып кетті. Айналып келгенде қаншама отбасының шаңырағын сәби үні қуанышқа бөледі, қаншама ананың арманы орындалды…

Біле білгенге ЭКҰ өте күрделі процесс. Салтанат Байқошқарова бұл әдісті кез келген адамға қолдана бермейміз. Оның өзіндік асқынулары мен қарсы көрсетілімдері бар.

Ол жетекшілік ететін жұмыстың ауыртпалығын Салтанаттың мына сөзінен аңғаруға болады.

Біз алдымен әйелдің ұрығын алу үшін дайындаймыз. Атап айтқанда аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін гормондық дәрілермен стимуляция жасаймыз. Ең үлкен доминантық фолликуланың көлемі 18-20 мм жеткен кезде фолликуладағы ұрық оны жарып шығу үшін тағы бір дәрі беріледі. Содан кейін жіңішке ине арқылы фолликуладағы сұйықтықты сорғызып аламыз.

Оны арнайы микроскоппен қарап, ішіндегі титімдей ғана ұрықтың бар-жоғын тексереміз. Аналық ұрықты алып, инкубаторға саламыз. Оның температурасы, қолайлылығы бәрі әйелдің жатырындағыдай етіп жасалған. Ал ұрығы мүлде жоқ әйелдерге донор ұрық қолдануға тура келеді. Осы уақыт аралығында еркектің ұрығын өңдеп, әртүрлі сүз­гіден өткізіп дайындаймыз.

Егер еркектің ұрығы аз немесе әлсіз болса, онда амал жоқ, ИКСИ әдісіне жүгінеміз. Нақтылап айтқанда, ең сапалы, жақсы деген сперматозоидтарды іріктеп аламыз да, арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен ана­лық жұмыртқаға«қолмен» апарып кіргіземіз. Сосын қолдан ұрықталған эмбрионды ананың жатырына апарып саламыз”, дейді ол.

Шыны керек, медицинадан хабарсыз бізге мұндай шараларды сөз қылудың өзі қорқынышты.

Жас отбасыларға кеңес

Репродуктология мен эмбриология саласының білгір маманы ретінде Салтанат Байқошқарова жас отбасыларға мынадай кеңес берді:
– Мен сіздерге мынаны айтайын, жас кездерінізде тұрмысқа шығып, үйленіп, балалы болыңдар. Себебі, уақыт бір орнында тұрмайды, зымырап өте шығады. Ал адамның ұрығы шектеулі. Айтпағым адамның жасы ұлғайған сайын ұрық та азая түседі. Әйел адам тұр­мысқа шыққаннан кейін 1-1,5 жыл бойы бала көтермесе, онда уақытты оздырмай, ре­продуктолог-дәрігерге көрінуі тиіс.

Тіпті ЭКҰ жасауға да жасқа шектеу қойылады. Өйткені, 40-тан асқан әйелдің жатырында эмбрионның тоқтауы қиын болады. Дегенмен де жүкті болудың жылдам жолы – осы ЭКҰ.

Кез келген әйел ең бірінші міндеті – ана болу екендігін естен шығармағаны, бақыттың киесі де, төресі де бала сүю екенін естен шығармағаны жөн. «Дүниеге бір перзент келсе, бір қозы артық туады, бір қозы туылса, бір уыс шөп артық шығады», дегенді бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Қыздар карьераны, мансапты алғашқы орынға қоймай, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып, ана атансабұдан асқан бақыт жоқ“, дейді Салтанат Байқошқарова.

Біздіңше ел көлемінде қолға алынған «100 жаңа есім» жобасынан ойып тұрып орын алуға осы күнге дейін мыңдаған отбасыға бала сүю бақытын сыйлаған Салтанат Байқошқарова әбден лайық.

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз