Әзірбайжан банктері АҚШ долларын сатпай жатыр

49 просмотров

Бакудің ірі банктері өткен апта соңында шетелдік валюта саудасына шектеу қойды. Енді Әзірбайжан азаматы ақша айырбас орнынан 500 доллардан артық ақшаны айырбастай алмайды. Бұл жаңалық қара базардың көрігінің қызуына әкеліп соғып отыр.

Бакудің ірі банктері 19 мен 20 тамыз күндері ешқандай түсініктемесіз шетел валютасын сатуды кілт доғарды. Артынан қолма-қол ақша айырбаста 100-ден 500 долларға дейін ғана ақшаны ауыстыруға мүмкіндік бары белгілі болды  деп хабарлады Bloomberg.

Мысалы, Әзірбайжан астанасындағы Низами көшесіндегі Demir Bank бөлімшесі бір адамға 100 доллардан артық ақша сатпаған. Банк мұны өздерінде шетелдік ақшаның аз болғандығымен түсіндірген.

Есесіне, қара базардың көрігі қызған. АҚШ долларының ресми бекітілген құны — 1,62 манат болса, қара базарда оны 1,7 манатқа сата бастаған. Осы жағынан алғанда, Әзірбайжанның ұлттық валютасы құнсыздану алдында тұрған секілді.

2015 жылы Әзірбайжан банкі манатты екі рет девальвациялады. Өткен жылдың желтоқсан айында баға еркіне жіберілген соң Әзірбайжанның ұлттық валютасы АҚШ долларына шаққанда бір жарым есеге арзандаған. Биыл болса, манат 7 пайызға құнсызданған. 19-тамызда оның құны 2,5 пайызға төмендеді.

Загрузка...