Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-19
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

Жер дауы тіл дауына ұласты. Ғани Қалиев неге „орысша сөйлейік„ дейді?

265

Мұқаңа айтайын деп отырмын (Мұхтар Шаханов – ред.), біз сөйлегенде, мен мысалы өзім сөйлегенде менің айтқан сөзімді осы отырған халық түгел ұқса екен, түсінсе екен деймін.

Ал енді бәрі бір тілді маман болмағандықтан, осында әр ұлттың адамы отыр. Оны енді орысшасын бір айтып, қазақшасын бір айтып, қайталамай, кейде бәріне ұғынықты болсын деп, орысша да айтуымызға болады деп ойлаймын.

Мұқа, мен ақын, жазушы болмасам да қазақша бір адамдай-ақ білемін. Ал мынау біреуіміз орысша айтсақ, мынау жартылай орыс боп кеткен деген әңгімені қою керек. Біз бір-бірімізге сыпайылықпен түсінісейік», – депті Ғани Қалиев мырза 21-мамырдағы жер реформасы жөніндегі алқалы жиында. Бұл туралы Аbai.kz хабарлайды.

Негізінен, бұл сөздің түп-төркіні „осы арада айтылғандар жетер жеріне жетсін, қазақтан тыс барша этнос білсін, сондықтан өткір пікірімізді орысша білдірейік„ деген ниеттен туындағаны анық.

Алайда, біз өз кезегімізде, бұл олқылықтың орнын толтырудың басқадай жолдары бар – комиссия мүшелері мемлекеттік, яғни, қазақ тілінде ақпарат алуға мүмкіндік беретін Конституциялық құқығынан бас тартуға міндетті емес екенін айтқымыз келеді. Оның үстіне, Қазақстан халқының 70 пайызын құрайтын тұрғылықты ұлт – қазақтың да құқығын таптаудың қажеті жоқ. Қазір жер мәселесі дегенде, теледидарға үңіліп отырған, басқа емес, жерді өндіруші – шаруалар, ауыл адамдары, ал олардың басым көпшілігі қазақ екенін ұмытпалық.

Осы тұрғыдан алғанда, комиссия отырысында мемлекеттік тіл қолданысын шектеуді ұсынған Ғани ағамызға, бір жағынан, өкпелі болсақ, екінші жағынан, комиссия жұмысындағы олқылықты ашып көрсеткені үшін алғыс білдіруіміз керек.

Ал ол қандай олқылық? Жер реформасы талқыланып жатқан ұлттық кеңесте спикерлердің айтқанын сөзбе-сөз, жылдам аударып беретін аудармашылар жұмыс істеп жатыр ма? Егер жұмыс істесе,

қазақ тілінде айтылған пікірлердің аудармасын біз БАҚ беттерінен неге көре алмаймыз?

Бұл — бірінші мәселе. Екіншіден, бұл кеңестің мәртебесі қандай? Өзінің атына заты сай ма? Мәселен, түрлі жиында әр спикердің құқығын бұзбас үшін сол жиын өтіп жатқан тілде алдын ала хабарламалар жолданып отырады. Яғни, жиынды ұйымдастырушылар ешкімнің құқығының бұзылмауын қадағалап, барлығына сый-құрмет көрсетеді.

Мүмкін, салыстыру үшін айырмашылығы жер мен көктей шығар, дегенмен,

мысалы, Еуропалық одақтың комиссия талқысындағы сөздер мен барлық құжаттар оған мүше мемлекеттердің 27 тілінде аударылып беріледі.

Жалпы, комиссия құрамына мүше 75 адамның 67-інің ұлты қазақ және олардың өмірбаянында мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жазылған. Рас, қалған 8 мүше өзге ұлт этнос өкілдері. Демек, комиссия отырысында мемлекеттік тілді үйренбей, ыңғайсыз жайтты туғызып отырған осы сегіз.

Олардың екеуі ҚР Мәжіліс депутаттары – Владислав Косарев пен Артур Платонов болса, енді бірі – Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. Халықпен тікелей жұмыс істейтін бұл мырзаларды мемлекеттік қызметке қалай алған?.. Комиссия отырысында туындап отырған бұл да заңды сұрақ.

Әрине, тәуелсіз елдің төрінде орын алған ыңғайсыз бұл жайт, көптің өкінішін туғызары анық.

Қазір сол комиссияда Алаш қайраткерлері отырса, олар „орысша сөйлейік„ деп мәймөңкелемей, бірден өзінің құқығын талап етер еді.

Мысалы, ХIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Семей облысынан депутат болып сайланған Әлихан Бөкейханов ағамыз Мемлекеттік Думада жалғыз қазақ болса да қазақ мәселесін көтеріп, қазақ тілінде мектептер ашуға құқық алып берген. Ал 1905 жылы ол қазақ даласында алғаш рет саяси талаптар жасап, 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясының ұйымдастырушысы болды.

Мемлекеттік думаға Жетісу облысынан сайланған Мұхамеджан Тынышбаев ағамыз топ орыстың алдында „Қазақтар һәм азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасады.

Әрине, ұлты үшін бұл кісілер жан берді, империяның азаптау машинасы оларды аямай езгілеп, жан тәсілім еткізді. Осы үшін, тәуелсіз елдің таңына жеткізген күрескер ата-баба алдында біз үлкен борыштармыз. Мұны да ұмытпауымыз керек қой…

Ақыры, Ғани Қалиев сөзін қарата айтқан Мұхтар ағаны қазақтар неге қатты жақсы көреді?

Өйткені ол КСРО кезінде Қызыл Кремльде Компартияның мінберінде (!) өз ойын ешкімнен қаймықпай ана тілінде жеткізген адам!

Кеше ауызды буған, цензуара күшейіп тұрған заманда өзінің тілі үшін тайсалмаған Мұхтар аға енді егемен елінің төрінде отырып, неменеге бүгежектеуі керек екен? Бұл, әрине, әділетсіздік.

Сондықтан, өз кезегімізде, комиссия отырысындағы тілдік олқылықтың орынын комиссия мүшелері емес, оны ұйымдастырушылар толтырар деп үміттенеміз!..

Әйтпесе, жер дауы тіл дауына айналып кететін түрі бар ғой…

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз