Үздік баспасөз қызметкері марапатталды

44 просмотров

Астанада 4 аталым бойынша «Жылдың үздiк баспасөз қызметi» байқауының жеңiмпаздары марапатталды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

ҚР Ақпарат және байланыс қызметкерлерi күнi қарсаңында «Қазконтент» АҚ Бас редакторлар клубымен бiрiгiп, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің қолдауымен Қазақстанның үздiк баспасөз қызметтерiн марапаттады. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған «2016 жылдың үздiк баспасөз қызметi» республикалық байқауында мемлекеттiк органдар, әкiмдiктер мен ұлттық компаниялардың баспасөз қызметтерi мен баспасөз хатшылары сынаққа түсті. 2016 жылдың 10-21-маусым аралығында өткен дауыс беруге республикалық БАҚ редакциялары қатысты.

Дауыс беру BNews.kz базасында «Орталық атқару органының үздік баспасөз қызметі», «Жергілікті атқарушы органның үздік баспасөз қызметі», «Квазимемлекеттік сала компаниясының үздік баспасөз қызметі», «Кәсіби құрмет» деген 4 аталым бойынша жүзеге асты.

Марапаттау рәсімінде «Орталық атқару органының үздік баспасөз қызметі» аталымы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігі жеңімпаз атанды. Осы аталым бойынша ең көп дауыс жинағандар қатарында ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бар.

Ал «Жергілікті атқарушы органның үздік баспасөз қызметі» аталымында Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жеңіске жетті. Осы аталым бойынша Астана әкімдігі мен Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметтері де көп дауыс жинағандар қатарынан табылды.

«Квазимемлекеттік сала компаниясының үздік баспасөз қызметі», аталымында «ЭКСПО» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі жеңімпаз атанды. Бұл аталым бойынша БАҚ өкілдері сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК»АҚ пен «Бәйтерек» Холдингін жеңімпаз деп тапқан екен.

«Кәсіби құрмет» арнайы аталымында ҚР Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Ернұр Уәли жеңіске жетті. Осы номинация бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов пен ҚР ІІМ баспасөз хатшысы Алмас Садубаевтың да еңбегі жанды.

Салтанатты рәсімнің соңында «Ең оперативті баспасөз хатшысы» аталымы бойынша ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов марапатталды.

Байқауды ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталмыш байқау енді жыл сайын ұйымдастырылады. Салтанатты рәсімге ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің өкілдері, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары қатысты.

Загрузка...