Қызылорда, Жамбыл және Қостанай облыстарында бірнеше лауазымды тұлға ұсталды

187 просмотров

Қызылорда, Жамбыл және Қостанай облыстарында бірнеше лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы пара алу фактісі бойынша құрыққа ілінді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті Қазпоштаның Қызылорда облыстық филиалына қарасты Сырдария аудандық байланыс торабының басшысы Ж.Әлібаев пошта байланысы бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне тағайындау үшін жеке тұлғадан 50 000 теңге пара алғанын анықтады.

Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар департаментінің қызметкерлері Жамбыл облыстық әділет департаменті Қордай аудандық сот актілерін орындау аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы А.Аманғазиев пен сот орындаушысы Н.Үсібжановті ұстады.

Аманғазиев пен Үсібжанов бопсалау арқылы борыш көлемін азайту үшін жеке тұлғадан 30 000 теңге көлемінде пара алған.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бюросының Қостанай облысы бойынша департаменті Рудный қаласындағы Салық төлеушілер ақпаратын қабылдау және өңдеу бойынша орталық бөлімінің басшысы М.Бекмағамбетовты ұстады. Ол қосымша құн салығы бойынша тез әрі кедергісіз есепке қою үшін «ВАБ-2016» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры А.Барановтан 100 000 теңге көлемінде пара алды.

Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Загрузка...