Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Қыдырәлі, экранды босат!”. Әншілердің ішіп-жегені кімге керек?

688

Оның ойынша біз қазір мәдени дағдарысқа тірелдік. Экономикалық тығырықта тұрғанымыз өз алдына…

“Ыржалақтаған әртіс, тырбаңдаған биші, сезімсіз сазгер көбейді… Бірқатарының қайраткер деген дардай атағы бар. Халықтық танымдағы қайраткер кім еді осы?

Сосын даңққа деген жаппай құмарлық қазіргі ұрпаққа кайдан жұқты? Мемлекет тарапынан шүлен таратылғандай, үлестіріліп жатқан көптеген атақтарға біздің қолдан жасалған жұлдыздарымыз қаншалықты лайықты?”.

Автордың пікірінше «ән де, әнші де көп бола берсін, уақыт өте келе іріктеліп, ең үздіктері ғана қалады» деген тұжырым қате.

“Сонда өңшең ортаңқол, тіпті, түкке тұрғысыз туындылар мен орындаушылар (әншілер емес) арасынан екшеліп, жөні түзу біреуі қалам дегенше, тыңдарманның талғамы төмендеп, музыкалық өресінің дүмбілез бола беретіні неге қаперге алынбайды? Нәтижесінде, бесіктен белі шықпаған балғындар көзін тырнап ашқаннан «тобырлық мәдениет» өнімдерімен ауыздануда”, –  дейді ол.

“Қазақ қалай зомбиге айналды?” 

Әрі қарай, автор ойын былай деп сабақтайды. Айтуынша, қазақ эстрадасының қазіргі ахуалына Батыстан тамыр тартқан жын-ойнақ жобалар себепші екен.

«Супер стар», «Давай поженимся», «Х фактор», «Звездные воины» сияқты тағы басқа толып жатқан бағдарламаларды елімізге әдейі енгізген.

Бұл аңқау қазақты зомбиге айналдырудың жолы”.

Әрі қарай автор ежелгі Қытайдағы композиторларды өлім жазасына кесетін сұмдық заңды мысалға келтіріпті.

“Ежелгі Қытайда гармонияның (Дыбыстардың үйлесімді үндесуін зерттейтін ғылым – Қ.О.) заңдылықтарын бұзып, ән-әуен шығарған композиторды өлім жазасына кеседі екен. Осы әрекеттеріне қарағанда ханзулар үшін музыка – тек қана «дың» еткен дыбыс емес, ұлттың рухани қаруы. Яғни, ол қару дұрыс бағытта сілтенбесе, тұтастай халықты рухани мүгедек ететінін тереңінен сезінуі осындайлық трагедиялық байламға мәжбүрлеген-ау деп ой түюге болады”, – дейді ол.

“Дос-Мұқасанның құпиясы неде?”

“Осыдан жарты ғасыр бұрын «Дос-Мұқасан» ансамблі жарқ етіп тарих сахнасына шыққанда қазақтың эстетикалық-музыкалық танымында «төңкеріс» болды. Бұрын көріп білмеген эстрадалық аспаптармен «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтара білген» (Мұқағали) Досым Сүлеев бастаған жігіттер халық әндерінің мұртын да бұзбай, қылын да қисайтпай жұртшылық назарына ұсынғанда бұл дүниелер жаңа реңкке боялып, тіпті, құлпырып сала берді.

Миллиондардың кумиріне айналған «Дос-Мұқасанның» халық жүрегінен ойып орын алуының құпиясы неде еді? Неде?..

Ең алдымен репертуар таңдаудағы биік талғампаздығы еді. Талғам қазір жоғалып кетті”. 

Қазіргі “жұлдыздар”, сендер кімге қажетсіңдер? 

Бүгінгі «жұлдыздарымыздың» солғын, сүреңсіз әні, ирелеңдеген іс-қимылы, талғамсыз киімі, ең бастысы, мұрнының астынан міңгірлеген даусы кімге қажет? Өздерін отандық шоу-бизнестің «мэтрлері» санайтын шіркіндеріңіз кейде өнерлеріне көңілі толмай сын-базына айтқан қалың тыңдаушыны кінәлап, «заман ағымынан қалып қойған иісалмастар» ретінде жазғыратынын қайтерсіз? 

Және бір сорақылығы, елдік, ұлттық тұрғыдан төрт құбыламыз тегіс түгелденіп, ендігі жерде айтылатын, көрсетілетін түк қалмағандай көрген-баққанымыз «жұлдыздардың» үйленгендері, той киіміне қанша доллар төлегені, қандай тағам жейтіндігі, шетел курорттарындағы бал айлары. Тіпті, үйіндегі иті мен мысығына дейін тәптіштеп, тергілейтін бағдарламаларға көрермен қаншалықты зәру?

Бұл аз десеңіз өнердегі орны қандай параметрлермен айшықталғаны белгісіз әлдекімдердің өзін қойып, енді аналарына арналған хабарлар қаптаған жоқ па? Әрине, аналарды ардақтаған халықпыз. Алайда журналистке:

«Шырағым, менен сұхбат алатындай ұлым (қызым) ұлттың дара перзентіне айналған тұлға емес қой, ыңғайсыз болар»,

деп қымсынған бір кейуананы көрсекші. Жоқ. Бәрі де даңқтан дәмелі.

Қалмахан Омар,

Жамал Омарова атындағы  №1 балалар саз мектебі директорының орынбасары.

Шымкент қаласы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз