Нұр-Сұлтан
Қазір
-9
Ертең
-16
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

Трамп жеңсе, дүние бүлінбейді – саясаттанушы

Бұл туралы бүгіндері Америкаға жүрген саясаттанушы Уәлихан Төлешов біздің медиа-порталға берген сұқбатында айтты.

АҚШ-тың есебі түгел. Доллардың дәурені өтеді деп жүргенде мұнайдың дәурені өтіп кетті

– Бүгін халықаралық қор биржасында АҚШ-тағы сайлауға байланысты мұнайдың бағасы түсіп кетті деп жатыр. Сайлау мен нарықтағы баға арасындағы байланысты ашып айтып бере аласыз ба?

– Негізінен, АҚШ-тағы сайлаудың доллар бағамына еш қатысы жоқ. Ол сайлаусыз да өсетін болады. Бұл айқын нәрсе.

Өйткені Америка технологиялық төңкеріс жасады. Осы салада елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Әрине, ол өз кезегінде АҚШ-ты бүгінгі әлемнің көшбасшысы етеді.

АҚШ соны үлгідегі технологияларды дамытып, оны экспортқа жөнелтумен айналысатын болады. Ол үшін АҚШ жұмысшы күшіне кеткен шығынға сай ақы талап етеді. Қытай да, Жапония да, басқа елдерде де бұл жағынан АҚШ-пен теңесе алмайды, олар кейін қалып барады. Иә, қазір технологиялық көшбасшылықтың тізгінін АҚШ алып жатыр.

Мұндайда, әрине барлығы доллармен санасып, оған бағынышты болады. Бір жағынан, америкалық доллар еркін конвертацияланатын ақша. Сондықтан ол баршаға өте ыңғайлы.

Доллардың тәуелсіз ақша екенін бүгінгі президенттік сайлауда байқалып жатқан мемлекеттің өте жоғары жариялылық деңгейінен де байқауға болады.

Трамп билікке келсе, дүние бүлінеді деу – жаңсақтық

– Қазір Дональд Трамп пен Хиллари Клинтон тізгін қағыстырып келеді. Тіпті, есесоқтау саясаткер, көпті үрейлендіретін Трамп кейде орағытып алға шығып кетіп жатыр. Алда-жалда ол АҚШ билігіне келсе, геосаясат қалай өзгеруі мүмкін деп болжайсыз?

– АҚШ сайлауында, тіпті Трамп жеңіске жетсе де оның кеңесшілері, Ұлттық барлау орталығы, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі, Конгресс, Жоғары сот және басқа да мемлекеттік органдар оған осыған дейін Обама ұстанған саясатты оңайшылықпен өзгертуге мұрша бере қоймайды.

Иә, АҚШ та басқа билік тағандары Президент ісін реттеп, тізгіндеп отырады.  Оларда қалтқысыз жұмыс істеп тұрған заң, тәртіп бар. Оған Президент те бағынады.  Трамптың басы екеу емес қой. Сондықтан Трамп билікке келсе, дүние бүлінеді деу жаңсақтық.

Мұнай арзандай береді. Теңге девальвациясынан қашып құтыла алмаймыз

– Демек, АҚШ-тағы сайлаудың бізге ешқандай қатысы жоқ деңіз. Онда рубль туралы айтсаңыз. Рубль өткендегідей тағы да теңгені төменге сүйрейді ме?

– Рубль міндетті түрде құлдырайды. Өйткені әлемде біздің өңірдің шикізатына деген қызығушылық жойылып барады.

Қазір мұнайдың дәурені өтіп бара жатыр. Сондықтан мұнай бағасы бұрынғы қалпына келеді деп армандаудың өзі артық. Керісінше, ол жылдан жылға құлдырай береді.

Бұл АҚШ-тағы тақтатастан (сланцевый) мұнай алу өндірісінің дамуымен тығыз байланысты.

Қазір америкалық компаниялар соңғы технологиямен алған мұндай мұнайының бір баррелін 25 доллардан сатуға дайын екендіктерін мәлімдеп отыр. Демек, Ресейдің, сол секілді біздің де мұнай бәсекеге қабілетсіз бола береді.

Тағы бір жағынан, санкция саясатына байланысты да Ресей мұнайы қазір өтпей жатыр. Ертең де бұл жағдайдың өзгере қоюы екіталай. Ал жаңа энергетика түрлерінің саласы біздің өңірде өте баяу дамуда.

Ендеше біздің экономикаға құлдырағаннан басқа амал қалмайды.

Мұны біздегі бюджет ақшасын үнемдеуге көшкеннен де аңғаруға болады.

– Теңге девальвациясы қашан орын алуы ықтимал?

– Мұнай арзандай береді. Демек, теңге девальвациясынан қашып құтыла алмаймыз.  Оған қоса Ресей санкцияға ілініп отыр. Еркін экономикалық аймақта болғандықтан ондағы жағдай да бізге тікелей әсер етеді. Оларда даму баяуласа, бұл да теңгенің бүйірінен ұратын болады. Ал санкция соққыларынан „тізерлеген„ Ресей экономикасы, әзірге тік тұрып кетудің амалын таппай жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз