«Тәуелсіз елсің, соған да тәубе де!». Қазақ неге «шүкіршіл» болу керек?!

1 163 просмотров

Төмендегі суретке қараңызшы. Осы суретті әлеуметтік желіге бөліскендер — «мына қара баланы қараңыз да, өз өміріңізге шүкір етіңіз» депті. Әрине, шүкір етеміз. Бірақ…

preview_1367351852-840x420Байқайсыз ба, жиі еститін сөзіміз — «шүкір» болды. «Бұл күнімізге шүкір» деуді дағдыға айналдырдық. «Шүкір» мен «тәубеге» қарсы емеспіз, бірақ оның да шегі, жөн-жосығы болмас па еді…

Біз осы «шүкіршілдігіміз» арқылы өзіміздің көнбістігімізді, жалқаулығымызды, мінезсіздігімізді ақтап алғымыз келетін секілді ме қалай?

Иә, Тәуелсіздік алдық. Жер бетіндегі 2000-нан аса ұлттың мұндай бақытқа қол жеткізгендері 200-ден аспайды екен. Бұған шүкір десек, болады.

Бірақ сол Тәуелсіздікті мәңгілік ету үшін ауыз жүзіндегі шүкіршілік бізге көмектесе ме осы? Біз өзімізді Тәуелсіздігі жоқ халықтармен салыстырып, «шүкір, аналарды қарашы, отаны жоқ, тентіреп жүр» деп, жұбатамыз.

Тәуелсіздікті баянды ету үшін сан ғасырлап соғысқан бабаларымызды тез ұмытқанымыз қалай? Олар «не болса да, күреспей, үнсіз отыра беріңдер, Тәуелсіздік сонда ғана баянды болады» деп, аманаттаған жоқ қой…

Неге біз өзімізді Тәуелсіздігі жоқ халықпен емес, сан ғасыр бойы ешкімге бодан болмаған елдермен салыстырмаймыз?!

Солардың жинаған тәжірибесі мен жеткен жетістіктерін ескеріп, үлгі алмай, не үшін қорлық пен зорлық көрген, от пен оқтың ортасында, аштық пен тақсыреттің илеуінде жатқан елдерге қарап, «шүкір, шүкір» деуге құмармыз…

«Алла шүкіршілдерді ұнатады» дейді. Бұл «шүкір» мен ол «шүкірдің» айырмасы жер мен көктей ғой.

Діни танымда шүкіршілдік қанағат ұғымымен астарласады.

Біздікі тым арыға кеткен, аш-арық болсаң да, қайыршы болсаң да, өзгелерге күнде есең кетіп жүрсе де, «бұл күніңе шүкіршілік ет» деуге бейім тұрамыз.

Сонда біздің халық – ен байлықтың үстінде отырған қазақ халқы не үшін өзгелерден қор, өзгелерден төмен өмір сүру керек! Тәуелсіздік үркердей топтың баюы үшін, солардың рахатта өмір сүруі үшін бұйырған ба? Неге өзіміздің үлесімізді, өзіміздің төккен теріміздің тиесілі ақысын сұрамаймыз?!

…Келіспейміз! Мұндай жасанды шүкіршілік бүгінгі бюрократиялық қоғамды құрушылардың өзіне өте тиімді. Билік басындағы «алпауыттар» шоғырына қазақтың «шүкіршілдігі» керек. Өзінің мүддесін талап етпейтін, өзінің арман-мақсатын, азаматтық көзқарасын айта алмайтын, «құдай салды, құл көнділік» нәумез мінез олардың ойлағанын ойдағыдай жүзеге асыруына таптырмайтын көзір.

Әйтпесе, мынау ен даланың асты-үсті толы байлығын әділеттілікпен пайдаланса, біздің жұрт ел қатарлы күн кешіп,

білімді, білікті ұрпақ өсіріп, ешкімге жалтақтамайтын, жалпаңдамайтын тура мінезді азаматтар шоғырын қалыптастырып үлгермес пе еді?!

Біздің билік – құлдықтан шыққан билік. Баяғыда негрлерді Африкадан алып кетерде: «Сендерді құлдықтан құтқарамыз» деп, Америка асырып, құлдыққа сатпап па еді…Тәуелсіз ел болдық дегенді ұрандатып, халықты өздерінің құлдарына айналдыруды мақсат тұтатын тұтас жүйе жұмыс істеп жатқандай көрінеді кейде… Оларға, байлыққа кенелген ат төбеліндей топқа халықтың «шүкіршіл» болуы бек керек. Ал діншілдердің дені осыны «мінсіз» атқаруға кіріскен…

Тағы бір дананың: «Бұрын құл едім, қазір құлдардың құлына айналдым» деген сөзі бар. Біз бұрын Кеңес одағының бұратана халқы едік, қазір Тәуелсіз елдің бұратана халқына айналдық.

Тілің шұбар, дінің алабажақ, дәстүр-салтың мыңқұрау, бірақ сонда да «осы күніңе, осы күнге жеткізген көсемдерге Алладан медет сұрап», «шүкірлік» етуің қаншалықты әділетті?!

Әдетте, біздің соңымызда пәлен ел бар деп кеуде кереміз, ал алдымызда бізді шаң қаптырып кеткен қаншама жұрт бар, олар туралы неге ойламаймыз?!

Біздің 25 жылдық жетістігіміздің бос сөз бен құрғақ мақтан екенін бір жылға жетпейтін «дағдарыс» айқарадай ашып берген жоқ па?

Осынша уақыт тынбастан «шүкіршілік» айтқан ұлт болса, қазақтай-ақ болсын!

Жоқ. Алла құрғақ шүкіршілікті емес, әділетті жақтаушыны әрі соны талап етіп, қорғаушы елді сүйсе керек. Тойымсыздық, нысапсыздық, қорқаулықты көре отырып, оған тәйт дей алмаған елдің бағы жанбас болар…

preview_1367351852-840x420

Загрузка...