Түркия елшiсi: Қарулы төңкерiсті FЕТÖ лаңкестiк ұйымы iске асырмақ болды

104 просмотров

Қазақстандағы Түркия Республикасының елшiсi Невзат Уянык бүгiн арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, Түркияда демалыс күндерi бiр топ әскер жүзеге асырмақ болған қарулы төңкерiстiң мән-жайын айтып бердi.

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.
«Түрiк қарулы күштерi iшiнде тамырын жайып, түрлi әскери шендерге ие тұлғалардан құралған бiр топ әскер 2016 жылдың 15 шiлдесiнде кешкi уақытта Түркияның Ыстамбұл мен Анкара қалаларында төңкерiс әрекетiн жасады. Түркия Әуе күштерi қолбасшылығы, жандармерия бас қолбасшылығы және кейбiр бронетанк бөлiмшелерi құрамының қатысқаны мәлiм болып отырған төңкерiс әрекетi Түрiк қарулы күштерiнiң қолбасшылығы және бұйрық беруге өкiлеттi тұлғалары тарапынан алғашқы сәттен бастап қолдау көрмеген», — дейдi Н.Уянык.

Елшiнiң айтуынша, қауiпсiздiк, прокуратура органдары қарулы төңкерiс әрекетiне тойтарыс беруге қажет шараларды шұғыл қабылдап, оқиғаның ушығуына жол бермедi.

«Мемлекетпен бiрге қоян-қолтық әрекет етiп, тарихи ынтымақтастық үлгiсiн көрсеткен халық көшеге шығып, бүлiкшiлердiң танктерiнiң жолын кесу арқылы төңкерiске тосқауыл болды. Бүлiкшiлердiң Түркия теледидары және радиосы ғимаратын қарумен басып алу әрекетi мен ғаламтор сынды ақпарат құралдарын пайдалану арқылы iске асыру жоспарланған «қабылдау операциясына» да тез арада тойтарыс жасалды. Бүлiкшiлер жеке меншiк БАҚ орталықтарын да басып алуға әрекеттенген. Алайда, азаматтық қоғамның қарсы шығуының арқасында бұл ойлары да жүзеге аспады», — дейдi ол.

Елшi лаңкестiк топқа қарсы жүргiзiлген операциялар барысында 6 мыңға жуық бүлiкшi тұтқындалғанын жеткізді. Шамамен 100 адам қақтығыстарда қаза тапты. Төңкерiсте бейбiт азаматтарды қоса алғанда 190 адам мерт болып, 1400-ден астам адам жараланған.

«Қарулы төңкерiс әрекетiн FЕТÖ лаңкестiк ұйымы жасағаны белгiлi. Түркия үкiметi осы күнге дейiн дос және одақтас елдерге бұл ұйымның лаңкестiк болмысы мен Фетхуллах Гүленнiң шынайы жүзiн көрсетуге тырысқан болатын», — дейдi елшi.

16 шiлдеден бастап Түркияда жағдай тұрақталды.

«Ендi төңкерiс әрекетiн жасаған қылмыстық топты лайықты жазалау бағытында қажеттi қадамдар жасалады», — деп түйiндедi ойын Н.Уянык.

Загрузка...