Тұрғын үй құрылыс жинақ банк төлейтін өтемақы екі күннен кейін беріле бастайды

34 просмотров

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына девальвациядан жоғалтқан сомасын өтемақы ретінде өтейді. Оның  алғашқы траншы 2016 жылдың 25 маусымында төлене бастамақ.

25 маусым күні салымшылар шотына 23,6 млрд теңге көлемінде бағам айырмасының алғашқы траншы беріледі. Оның 8,6 млрд теңгесі банктің жеке қаражатынан бөлінбек.

— Өтемақы бірінші кезекте, 2016 жылдың 31 мамырына дейін банкпен қосымша келісімге қол қойып үлгерген салымшыларға төленеді. 221 705 салымшы 122,9 млрд теңгені құрайтын депозиттің жалпы сомасынан өтемақы алады, — деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1 маусымда өтемақы алуға қосымша келісім жасау мерзімі бір айға ұзарғанын хабарлаған еді.

Қазіргі таңда, өтемақы төленуі тиіс 452 167 салымшының 140 464-іне әлі де қол қоймаған. Олардың басым бөлігі – шоттарында 1 млн теңгеден аз сома жатқан клиенттер. Банктің баспасөз қызметі қосымша келісімге қол қоюға соңғы 8 күн қалғанын ескертіп отыр. Үлгермеген жағдайда ол салымшылар өтемақыдан қағылады.

Өтемақының алғашқы траншының қалған 9,3 млрд теңгесі осы жылдың 1 тамызына дейін беріледі. Ол қаражатты уақытында қосымша келісім жасап үлгермей, ұзартылған уақытта келісім жасасқан салымшылар алады.

Банк салымшыларына бағам айырмасының екінші траншы толық көлемде 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін төленеді.

Жалпы алғанда, өтемақы көлемі 35,5 пайызды құрайды. Салымшыларға 2016 жылы 19,2 пайыз немесе 32,9 млрд теңге, ал 2017 жылы 16,3 пайыз өтемақы төленеді. Ол 28 млрд теңгені құрайды.

Загрузка...