Түнде көретін кино. «Аманат» фильмі КСРО-ны аңсайтындардың ашуын келтіре ме?

92 просмотров

Бүгіндері еліміздің бас қалаларының кинотеатрларында „Аманат„ атты жаңа тарихи туынды көрсетіліп жатыр. Ол жарық көре салысымен, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Бұл заңды да. Бастысы, құрдымға кеткен КСРО билігінің лас технологиясын әшкерелейтін, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін парақтайтын бұл фильмнің түн ортасында берілуі қалалық тұрғындардың наразылығына ілініп жатыр. kaz.365info.kz өткен тарихымызға баға беруде үлкен рөл атқаратын „Аманат„ туралы елдің лебізін біліп көрді.

Бүгіндері арамызда құрып кеткен КСРО-ны еске алып, аңсайтындар аз емес. Бірақ олар осы „қызыл„ жүйенің қазақ халқының басына салған түрлі зобалаңын есіне де алғысы келмейтін сияқты. Нақтысында, ол туралы біле бермейтін болар.

Себебі бізде тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарып, нақты бағасын беріп жатқан еңбектер аз. Немесе олардың көбісі қағаз жүзінде, ал суреттеліп, көркем фильм түрінде беріліп жатқаны саусақпен санарлық.

Сондықтан күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен қарбаласып, кітап оқып, интернет бетін парақтай бермейтін қарапайым адамдардың өткенін еліте еске алуының айыбы да жоқ шығар. Айып насихатты дұрыс жеткізе алмай жатқандарда болар. Қалай дегенмен де жаңадан жарық көрген Сатыбалды Нарымбетовтің „Аманат„ фильмін көпшілік қуана қабылдағанын баса айта кету керек.

Бекмаханов — репрессияға ұшыраған Алаш азаматтарының жиынтық бейнесі

Жазушы Смағұл Елубай „Аманат„ фильмін қазақ тарихында кәсіби жоғары деңгейде түсірілген тарихи панорама деп біледі.

Смағұл Елубай
Смағұл Елубай

Смағұл Елубай, жазушы:

— Сюжет желісіне тарихта болған екі оқиға негізге алынады. Біріншісі 1950 жылдары Кенесары Қасымұлының ұлт азаттық күресі кезеңін қамтитын тарихи докторлық диссертация қорғаған Ермұхан Бекмаханов туралы болса, екіншісі докторлық диссертацияның басты кейіпкері Кенесары Қасымұлы туралы болады.

Осы екі оқиға бір-бірімен қиюластырылып беріледі. Ұлтымыздың қайсар, текті ұлы тұлғалары екі замандағы империя зұлымдығының құрбандары болады. Қалай құрбан болды? Бұл сауалға фильмнен нақты жауап ала аласыз. Онда Алаш азаматтарының бірін бірі сатуы жақсы көрсетілген. Менің түсінігімде, кино кейіпкері — Бекмаханов 37 жылдан бері қарай Сталин дүниеден қайтқанға дейін репрессияға ұшыраған Алаш азаматтарының, қазақ интеллегенциясының, ұлт қаймақтарының жиынтық бейнесі.

Қазақтың тарихын Мәскеу жазды

Бұл фильм жарық көре салысымен, оның атымен киноклуб та ашылды. „Аманат„ киноклубы Алматыдағы Ғылым ордасынан орын тепкен.
Осы мекеме қызметкері, саясаттанушы Нұрлан Сейдін „Аманат„ фильмі 7 ай бұрын алғаш осы клубта тамашаланғанын айтады. Киноның тұсаукесеріне Бекмаханов ағамыздың жары, киноның режиссері Сатыбалды Нарымбетов және көптеген тарихшы ғалымдар шақырылған.

Нұрлан Сейдін
Нұрлан Сейдін

Нұрлан Сейдін, «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары:

— IXX ғасырдың 20-40 жылдарғы ұлт-азаттық көтерілісті объективті түрде жазғаны үшін қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов кеңестік билік саясатына қарсы адам ретінде көрсетіліп, „қызылдар„ жүйесінің құрбанына айналады. Одан екі ақиқат анық көрінеді.

Біріншісі — „қызыл„ империяның мықтап меңгерген алалау, жала жабу, нақақтан-нақақ күйдіру, адамдарды бір біріне айдап салу, ешқандай кінәсіз адамды құрбандыққа шалу сынды өте лас технологиясы ашып көрсетіледі.

Екіншіден — кинотуынды арқылы қазақ тарихын объективті түрде жазған Бекмаханов секілділердің билікке керек еместігі, яғни қазақ үшін тарихты Мәскеу жазып беріп отырғандығын түсінуге болады.

Осы жағынан алғанда, бұл әлі дұрыс бағасын ала алмай келе жатқан өткен тарихымыз туралы киноэпопея. КСРО ыдыраса да, ол жүйенің мұрағаты бүтіндей ашылған жоқ.Сондықтан бұл арада ауқымды жұмыстар жүргізілгенін байқауға болады.

Сөз соңында, қазақ тарихы туралы жаңа туындының түнгі 12-де беріліп жатса да оған барушылар баршылық екенін баса айта кетелік.

Бірақ ол түн ортасына неге қойылған? Бәлкім, біреулерге өткенімізді білетіндер аз болғаны тиімдірек пе екен?

Өйткені қос тарихи оқиға қиюласып келетін бұл фильмде ұлттық интеллегенция репрессиясы бастауында Мирзоян тұрғандығы ашық айтылады. Кенесары ханның Созақты алған тұсы, Бекмахановтың орыс ғалымымен «Эрмитажда» тұрған ханның бас сүйегіне барғандағы әңгімелері де бейнеленген. Ал мұндай тақырыптар қазірдің өзінде КСРО-ның тікелей мұрагері — Ресей Федерациясына жаға бермейтіні анық қой.

Загрузка...