Сирияда соғысып жүрген қазақтар – шын «жиһадшылар» ма?

351 просмотров

Қазақстаннан Сирияға аттанған отбасылар саны 200-ге жуықтайды. Салыстырмалы түрде, көршілес Қырғызстаннан кеткен отбасылар саны бес жүздің маңайында. Ал Тәжікстаннан аттанған отбасылар саны мыңнан асып отыр. Әйел, бала-шағасын ертіп, тұманды идеологияның артынан ит арқасы қиянға барып қан төгуге не себеп? Біреулер Құдайға деген сенім десе, біреулер – сауатсыздықтың салдары дейді.

Сирияға кеткендер кімдер?

Саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, Сирияда ДАИШ-тің құрамына кірген содырларды үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші тобы – діни ұйымдардың арбауына түсіп, ақыры шекара асқандар. Одан кейінгі топқа Құдай, иман іздеп жүріп, алданып қалғандар кіреді. Оларға діни насихат жүргізетіндер Алла дінінің жолындағы соғыс сауабының ұшан-теңіз болатынын айтып, Сириядағы соғысқа қатысуға үгіттейді. Үшінші топқа – діни фанатизмнің жетегімен саналы түрде соғысқа кеткендер жатады.

— Радикалды діни топтар жастарды арбағанда «исламды жаю үшін, жиһад жасау керек» деген уағыз айтады. Соның салдарынан

Ислам әлемде «соғыс діні» ретінде қабылдана бастады,

— дейді Ерлан Қарин.

Жиһад – қасиетті соғыс емес!

Ал теология ғылымдарының докторы Алау Әділбаевтың айтуынша, Исламдағы «жиһад» ұғымы бұрмаланып көрсетілуде. Араб тіліндегі жиһад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген мағыналарды білдіреді. Ал батыстық ақпарат құралдарында бұл сөз негізгі мағынасынан бұрмаланып, дін үшін жасалатын «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр.

hqdefault
Алау Әділбаев

— Ислам дініндегі

жиһад – дін үшін жасалатын «қасиетті соғыс» емес. Ислам кез-келген діни соғысқа қарсы.

Құрандағы «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) деген қағида ешкімді күштеп иманға келтіруге болмайтынын білдіреді. Құран-Кәрімде ислам дінін өз еркімен қабылдағысы келмеген адамдарға «Сендердің діндерің – өздеріңе, менің дінім өзіме» («Кафирун» сүресі, 6-аят), деген аятпен қатар, пайғамбардың міндеті адамдарды дінге күштеп кіргізу емес, айтып жеткізу екеніне дәлел болар көптеген аяттар бар («Мәида» сүресі, 99-аят, «Ғашия» сүресі, 22-аят).

Ислам тарихына көз салсақ, дінге зорлықпен кіргізу оқиғалары болмаған. Яһудейлер өз дінінде, христиандар да өз дінінде қала берген. Бүгінде мұсылман елдерінде сонау ерте кезеңде салынған өзге дін ғибадатханаларының әлі күнге сақталып қалуы – Ислам дінінің ар-ождан бостандығына қаншалықты мән бергендігінің бұлжымас дәлелі.

Ал қазір «халифат» жариялап алып, қан көрмесе тұра алмайтын деңгейге жеткен озбырлардың зорлық-зомбылығы Құдай жолында жасалып жатқан жиһад емес, Алланың дініне қарсы жасалып жатқан қиянат,

— дейді Алау Әділбаев.

12993462_778372088930346_2049135926613428363_n
Серік Тәжібаев

Дінтанушы Серік Тәжібаевтың айтуынша, ДАИШ-тың соғысы – соғыс емес, конспирациялық топтардың әрекеттері. Өйткені Исламдағы соғыстың өз әдебі болады екен.

— Оған сәйкес, соғыс – белгілі бір елдің патшасы ресми жариялағаннан кейін ғана басталады. Онда да, мұсылман түгілі, өзге дін өкілінің қанын жазықсыз төгуге рұқсат бермейді. Ал, мынау ДАИШ-тың өз идеологияларын мойындамаған адамның бәрін қойша бауыздап, иттей атып тастай беруі –

Исламды былай қойғанның өзінде, ешқандай адамгершілік нормаларына жатпайтын әрекет,

— дейді дінтанушы.

Кейінгі кездері БАҚ беттерінде сыртқа соғысу үшін кеткен азаматтарымызды қайтару мәселесі сөз болып жүр. Еліміздің құқық қорғау органдары азаматтардың шетке содыр боп кетуінің алдын-алу ғана емес, оларды қайтару мәселесіне де жұмылған. Осы жерде туындайтын заңды сұрақ бар. Олар елге келгенде, зайырлы қоғамға сіңісіп кете ала ма? Оған идеологиялық ұстанымдары мүмкіндік бере ме? Шекарадан аттаған сәтте-ақ түрмеге түсетінін білетін олар темір тордың ар жағындағы азаматтарды да улап, жамағат қалыптастырып, Ақтау түрмесінен қашқан Дәурен Әлімбеков тобының сценарийін қайталамай ма?

Көкейде сауал көп, жауабын уақыт көрсетеді.

Загрузка...