Шымкентте жеке тұрғын үй салуға бөлінетін жер телімі жоқ — әкімдік

74 просмотров

Шымкентте мемлекет есебінен тегін жер телімін алу үшін қалалық әкімдікке өтініш тапсырушылар легі азаяр емес, деп хабарлайды AstanaTV. Телеарна келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы үш күннің ішінде жергілікті әкімдіктің жер қатынастары бөліміне 5 мыңнан аса адам өтініш тапсырған.

photo_185683

„Өзіне заңмен тиесілі 10 соттық жер телімін алғысы келетіндер әкімдікке көптеп келіп, ұзын-сонар кезек толастар емес. Өйткені, ел арасында „арызды қабылдау мерзімі шектеулі„ деген сыбыс тараған. Алайда шенеуніктер бұл ақпаратты жоққа шығарады„ — деп хабарлайды теларна.

Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, әкімдік 10 соттық жер телімін тегін таратып жатыр, сондай-ақ өтініштерді қабылдау мерзімі шектеулі деген ақпарға сенуге болмайды.

“Осы кезге дейін азаматтардан жер телімін беру туралы 65 мың 500 өтініш түсіп, кезек жасалған. Бірақ 2008 жылдан бастап жер телімін беру тоқтатылды. Себебі жер телімін беретін аймақтарға инфрақұрылым тартылмаған. Біз ондай жерді бере алмаймыз. Инфрақұрылымды жүргізумен енді ғана шұғылдана бастадық. Ал мына өтініш тапсырған адамдар 65 мың 500 адамнан кейін кезекке тұрады. Кеше Шымкент тұрғындарынан 3 мың арыз келіп түсті. Жер кезекпен ғана беріледі”, – дейді ол.

Кеше Алматы қаласы, оның алдында Астана қаласы әкімдіктері де тура осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр болған. Алматы мен Астана қалаларының әкімдіктері жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі қалалық баланста қалмағанын қадап айтқан. Алайда олар да арыз қабылдауға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдеп отыр. Бұл қалаларда да әкімдікке өтініш өткізу үшін ұзын-сонар кезек болды.

Загрузка...