Басты себеп – көліктің дер кезінде күрделі жөндеуден өтпеуі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында уақытша тұраққа қойып кеткен Камаз көлігінің қозғалтқышынан өрт шығып, ол салонға дендеп енген. Камаз көлігінің жүргізушісі отты өз бетімен тоқтатпақ болғанымен, онысынан түк шықпаған. Салдарынан ер адамның дене терісінің 10 пайызын күйік шалды. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер отты жарты сағаттың ішінде сөндірген.
Шемонаиха ауданында Audi 80 көлігі жүріп бара жатып, өртенген. Көлік жүргізушісі бірден өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалып, көлікті тоқтатып, түсіп қалған. Қозғалтқыш жақтан түтін шыққан. Қайта көліктің қала ішінде болғаны жақсы болған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер отты 3 минутта ауыздықтады.
Үржар ауданында Жаңа Егінсу трассасынан 3 шақырым жолда Мазда 626 көлігінің қозғалтқышынан от шыққан. Көліктің салоны өртке оранған. Көлік жүргізушісі мен оның ішіндегі адамдар зардап шекпеген. Өрт сөндірушілер қызыл тілді жауды бірден ауыздықтады.
Былтырмен салыстырғанда көліктің өртену деңгейі 36 пайызға төмендегіне қарамастан, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында мұндай 83 оқиға тіркелді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көлік иелеріне өте сақ болуға, қажетті кезде көліктерін күрделі жөндеуден өткізіп тұруға кеңес береді.