Шенеуніктер ерегісінен Алматы маңындағы ауыл бір ай бойы жарықсыз отыр

34 просмотров

Алматы облысындағы Боралдай кентінің 600-ге тарта үйі дүлей желдің кесірінен бір айдан астам жарықсыз отыр. Атқамінерлердің айтқанына сеніп, қараңғыда қарап отыра беруден жалыққан жұрт тайлы-тұяғымен жолды бөгеуге шықты.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Дүлей дауыл ауылдың электр бағаналарын зақымдаған. Ал оны жөндеуге келгенде дау туған. Өйткені жергілікті әкімдіктегілер ауылдың Алматы аумағына ауысты деген сылтаумен бағаналарға бас-көз болудан бас тартқан.

Мұқас Бейсенбаев:

— Әкімге барып айтсақ, қалаға бергенбіз дейді. Ал бұл не деген әкім? Не өзі келмейді, не халықпен жиналыс ашпайды? Жарық жоқ, бір ай болды, әкім бір рет те келген жоқ.

Сөйтсе, Боралдайдың нақ осы бөлігі қаладағы Алатау ауданы аумағына өтіпті. «Ертеңмен» елді күттіріп келген әріптестерінің әрекетіне мұндағы әкімдіктегілер де ашынып отыр.

Бақытжан Егізбаев, Боралдай кенті әкімдігі аппаратының бас маманы:

— Барлығына айтқанбыз, басқарма бастығына да, бөлімінің бастығына да бәріне айтылған. Барлығы біледі, бірақ «мастер жіберілді, жіберілді» деп өтірік айтады.

Бұл арада  „Сен салар да мен салар, атқа жемді кім?„ салар деген шенеуніктер ерегісі жарықсыз қалған ауылдың мәселесін шешкізбей тұр. Әйтпесе иен дала емес, барлық мүмкіндігі бар қалаға таяқ тастам ауылдың бір айдан астам жарықсыз отыруын басқаша түсіндіру мүмкін емес секілді.

Жолға шыққандардың әрекеті жол апатына соқтыра жаздаған соң оқиға орнына полицейлер де жетіп келген. Бірақ, осында тұратын тәртіп сақшыларының өзін жарықтың жыры әбден жалықтырса керек, тұрғындарға түсіністікпен қарап, оларға шара қолдануға уәде етті.

Загрузка...