ҚР Ұлттық банк төрағасы Елбасыға валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтағанын айтты

21 просмотров

Елбасы ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдап, теңге бағамына қатысты халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Ақорданының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мен еліміздің қаржы нарығындағы жағдайы кеңінен талқыланды.

Мемлекет басшысы ішкі валюталық нарықтағы жағдайды тұрақтандыру, банк жүйесін дамыту және екінші деңгейдегі банктердің экономиканы несиелендіруін ынталандыру үшін қабылданған шаралардың маңыздылығына ерекше баса назар аударды.

— Валюта бағамын еркіне жіберу туралы енгізілген шешім дұрыс болды. Алайда қазір мұнда белгілі бір өзгерістер көрініс тауып жатыр, оның себебін халыққа түсіндіру керек, — деді Елбасы.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы теңгеге шаққандағы доллар бағамындағы өзгеріске әсер еткен факторларды атап өтті.

— Биылғы жылдың 6 айында мұнайдың бір баррелі 27-ден 52 долларға дейін өсті, алайда шілде айында ол 15 пайызға, яғни 52-ден 42 долларға төмендеді. Шикізат экспорттаушы барлық дамушы елдерде де осындай жағдай белең алды. Олардың ұлттық валютасы да Қазақстандағыдай нығая түсті, одан кейін 2-3 пайызға төмендеу орын алды. Теңге шілде айында 4,2 пайызға әлсіреді, бұл — қалыпты түзету.

Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Ақша бағамы алда құбылады деген ешқандай болжам жоқ. Бағам еркіне жіберілген жағдайда теңгенің құбылуы, шілдеде орын алғандай, ішкі экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндірмейді,- деді Данияр Ақышев.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы еліміздегі инфляцияны ауыздықтау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталды.

— Жыл басынан бері инфляция 5,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткішке валюта бағамындағы өзгеріс те енген,яғни 2015 жылы қыркүйек пен қарашада бағалар күрт өскен кездегі. Оның салдары қазір еңсерілді, жыл соңында үкіметпен болжанған инфляция дәлізі 6-8 пайызды құрайды деген сеніміміз бар, — деді ол.

Кездесу соңында Елбасы ҚР Ұлттық банктің төрағасына бірнеше нақты тапсырма берді.

Загрузка...