Президенттің баспасөз хатшысы не істейді?

128 просмотров

«Президенттің баспасөз хатшысы». Білдей бір мемлекеттің нөмірі бірінші адамының бұқара халықпен байланысын қамтамасыз етіп отыратын, оның абыройының асқақ, беделінің – кемел болуы үшін күні-түні сонымен бірге жүріп-тұратын жауапты тұлға.

коллаж

Жауапты тұлға дегеннің астын сызып тұрып айтамыз. Себебі, ол басқаратын қызметтің міндеттеріне мыналар кіреді:

1. Президенттің қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз ету

  • Президенттің шетелдерге сапарларын, жұмыс сапарларын және қатысуымен өтетін басқа да іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатымен дайындауға және өткізуге қатысу;

  • Президенттің қатысуымен өтетін іс-шараларға тіркелген журналистердің жұмысын ұйымдық қамтамасыз ету;

  • Президенттің отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастыру;

  • Президенттің және оның қатысуымен өтетін іс-шаралардың кәсіби және сапалы фото және бейнетүсірілімдерін қамтамасыз ету;

2. Президенттің қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді имидждік қолдау

  • Президенттің ресми сөздерінің, сұхбаттарының, мақалаларының, ақпараттық материалдары мен мәтіндерінің жобаларын стилистикалық және әдеби редакциялау;

  • Президенттің қызметі, оның ішінде ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын түсіндіру мәселелері бойынша сөйлейтін сөздерінің, сұхбаттарының, мақалаларының, ақпараттық материалдары мен мәтіндерінің жобаларын дайындау;

3. Президенттің қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді коммуникативтік қолдау

  • Президенттің www.akorda.kz ресми веб-сайтына жаңалықтар хабарларын, ақпараттық материалдарды, баспа, аудио-, фото- және бейнеөнімдерді әзірлеу, редакциялау және орналастыру;

  • Президенттің қызметі және оның қатысуымен өтетін іс-шаралар туралы БАҚ-ты ақпараттық материалдармен хабардар және қамтамасыз ету;

  • «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жұмысын Президенттің қатысуымен өтетін іс-шараның телевизиялық түсірілімін ұйымдастыру, Телерадиокешеннің тақырыптық жоспарын келісу, Президенттің қызметі туралы бейнеөнімдер өндіру, шығару және тарату процесі, сондай-ақ Президенттің қызметі жөніндегі бейнематериалдарды сараптаудан өткізу және мемлекеттік сақтауға беруге дайындау тұрғысынан үйлестіру және бақылау;

  • Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру жөніндегі қоғамдық комиссияның құрамы және жұмысын ұйымдастыру.

Бұлардан өзге, шұғыл ақпараттық заманда қоғамда орын алған кез-келген оқиғалар мен мәселелерге өз уақытында дереу үн қатып, ұтқырлық танытуға тура келеді.

Жасыратыны жоқ,

Дәурен Абаевтың басшылық еткен кезіне қоғамдағы осы өзгеріс дөп келіп, баспасөз қызметі бұл үдеден шыға бастаған болатын.

Қоғам алаңдайтын өзекті мәселелерге кешіктірмей жауап беруде алдыңғы әріптестеріне қарағанда әлдеқайда ширақтық танытты. Оған Дәурен Абаевтың бұл қызметке дейін де СІМ баспасөз қызметін басқарғаны, кейін өзі басқарған ҚР Президенті баспасөз қызметінің орынбасары болып, бұл қызметтің қыр-сырымен әбден таныс болғандығы әсер етсе керек. Оның осы біліктілігі – аталған қызметті табаны күректей 5 жылдай басқартты. Себебі, бұған дейін бұл қызмет – көптеген тұлғалар үшін лауазымды қызметке тағайындалғанша уақытша отыра тұратын трамплин рөлін атқарғандай көрінетін. Олай дейтін себебіміз –

бұл қызметті 2009 жылдың маусымынан бастап, екі жылдан астам табысты атқарған Майлыбаев Бағлан Асаубайұлы 2011 жылы қазан айында Президент Әкімшілігінің басшысының орынбасары қызметіне ауысты.

Оның ар жағындағы Берік Исабаев та, Ерлан Байжанов та бұл қызметті бар болғаны 10-18 ай ғана атқарып, бірі – негізгі ісі елшілікке кетсе, енді бірі БАҚ саласындағы холдингтерді басқарып кетті.

Жақында ғана «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалған Мұхтар Құл-Мұхамедтің де 2004-2006 жылдары ҚР Президентінің баспасөз хатшысы болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Ал, оның ар жағындағы «жаймашуақ» замандарда Қайрат Сарыбай секілді тұлғалар ҚР Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды.

Жалпылай алғанда, БАҚ өкілдерімен тікелей қарым-қатынас жасап, ашық қызмет жүргізуге тиісті қызмет туралы БАҚ және интернет беттеріндегі сараң ақпарат осындай. Енді, бұл қызметке жаңадан тағайындалған, ақпарат саласының қазанында қайнап, журналистика саласында жауапты қызметтер атқарған Айдос Үкібаевтың келуімен ҚР Президентінің баспасөз қызметі – одан әрі жандана түседі деп сенеміз.

Загрузка...