Павлодар өңірінде қант бағасының өсу себептерін облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы түсіндіріп берді.
Бағаның қымбаттауына қатысты арнайы органға сауал жолдаған pavlodarnews.kz ресми түсініктеме алған.
Агенттіктің ресми сауалына берілген жауап хатта ведомство басшысының орынбасары Оксана Давыденко жыл басынан бастап қант бағасының 31,9 пайызға, яғни 190 теңгеден 250 теңгеге дейін қымбаттағанын атап өткен.
Кәсіпорын мұндай қадамға баруын Бразилиядағы қант шикізатының қымбаттауымен түсіндірді.
– Шикізат 55 пайызға, 320-дан 500 АҚШ долларына дейін өскен. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы мен Ресейде де бағалар көтерілді. Мұның бәрі елдегі қант бағасының өсуіне себеп болды, – дейді Оксана Давыденко.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, елімізде «Ортаазиялық қант корпорациясына» қарасты төрт фирма қызмет етеді: «Фирма Ирвема», «Альянс-Центр kz», «Калашников» пен «Скиф-Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Орта есеппен алғанда, павлодарлықтар жылына 11-12 тонна қант тұтынады. Жыл басынан бері павлодарлық көтерме саудагерлер 9,7 тонна өнім алған, бұл жылдық норманың 80 пайызын құрайды.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан екі аптадай уақыт бұрын павлодарлық дүкендерде қант тапшылығы байқалған. Кей дүкендерде қант бағасы 360 теңгеге дейін жеткен.